Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өндіріс озаты атанған

Өндіріс озаты атанған

Аудандық «Толқын» газетін басқа басылымдардан бұрын қолға алатынымды несіне жасырайын. Оның үстіне ат үстіне жүргендіктен, яғни басшылық қызметте болғандықтан ел жаңалығын білуге, оқуға әбден үйреніп қалғанбыз. Міне, «Толқынның» бүгінгі санынан «Әйгілі хатқа – 100 жыл» деген айдармен берілген мақаланы оқығасын, өз әкем туралы да жазуға отырдым. Себебі біздің отбасы да В.И.Лениннің әйгілі хатына орай балық аулап, оны Қамыстыбас стансасына жөнелтудің басы-қасында жүрген.
Әкем Әбдіраман Ерқосаев 1908 жылы Аманөткел ауылында туып, 1964 жылы 56 жасында қайтыс болды. Бар өмірін Аманөткел ауылы көлемінде өткізіп, балық шаруашылығымен айналысқан.
Балық аулауда белгіленген тапсырмалардың артығымен орындалуын қамтамасыз етуде үнемі өндіріс озаты атанған. Өндіріс озаты болғанының дәлелі – соңғы жұмыс істеген «Бөген» балық аулау базасының Арал ауданының архивіне тапсыр¬ған құжаттарында ауланған балық көлеміне сәйкес жоғары айлық табыс алып отырғаны сақталған.
Бірнеше жыл жылым бригадасының бригадирі қызметтерін атқарған. Көзі тірі әкеммен бірге балық аулағандардың айтуынша, "жылым бригадасының бригадирі кезінде біздің жылым үнемі майланатын еді" дейді.
Әбдіраманның жылым бригадасында балықшы болып жұмыс істеген, бүгінде 81 жастан асқан ауыл тұрғыны Нұртай Ермекбаев ақсақал:
– Әбдіраман ағамыз балықтың болатын жерін, қай уақытта қандай балықтардың жүретінін болжай білетін. Сондықтан біздің жылым салатын жерімізді басқа бригада адамдары сұрап отыратын және бізден кейін шығып, жылымды біз салған жерге салуға тырысатын. Ағамыз артық сөзі жоқ, ештеңеге қызықпайтын, мемлекетке, қоғамға адал, таза еңбек етті, – деп ризашылықпен еске алады.
Әкемнен Ұлы Отан соғысына қатыспау себебін сұрағанымда, сол кездегі мемлекет қаулысымен кейбір стахановшыларды, еңбек озаттарын арнайы бронмен соғыстан қалдырылғанын айтты. Кезінде әкеміз де В.Лениннің хатына байланысты 14 вагон балық жөнелтуге қатысып, көрген қиыншылықтарды еске алып, есесіне, ашаршылыққа ұшыраған халықтың аман қалуына аз да болса өз үлесін қосқанын айтқан еді.
Ашаршылықтан аман қалған сол елдің ұрпақтары Арал балықшыларының бұл қызметін есте сақтайтынына біздің сеніміміз мол. «Аштықта жеген құйқаңды тоқтықта ұмытпа» деген қазақ мақалы осындайда айтылса керек.
Әкеміз өткен ғасырдың 50-жылдары бірыңғай қабаданмен балық аулады. Қабаданшы болу балық аулаудың ең қиын әрі олжалысы да. Себебі балық жүретін жерді білу қажет. Көбіне көл айдындары арасынан қамыстарды шалғымен шауып, балық жүретін жасанды жол дайындап, сол жерге қабадан құратын. Олжалы болуы тынбай еңбек етудің нәтижесі болатын. Соның арқасында отбасын, балаларын қатарынан кем қылмай тәрбиелеп өсірді.
Шешеміз Әзида Ерқосаева 1921 жылы Аманөткел ауылында туып, 2013 жылы 92 жасында қайтыс болды. Ол да әкемізбен бірге бірнеше жыл балық аулаған. Олардан 5 бала болды. Қазіргі күні бес баладан 25 немере, 83 шөбере, 14 шөпшек тарап отыр. Осы аталықтан тараған 27 отбасы өздеріне лайықты қызметтерін адал атқарып, ұрпағын өсіруде.
Шындалы ӘБДІРАМАНОВ,
баласы
Аманөткел ауылы
24 сәуір 2021 ж. 659 0