Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Көркем мінезділік – жүрек тазалығынан

Көркем мінезділік – жүрек тазалығынан

Көркем мінезділікке қол жеткізу – жүрек тазалығының белгісі. Жүрек күпірліктен азат болғанда ғана тазалыққа жол ашылмақ. Негізінде адами құндылықтарды құрметтеу өте маңызды.
Атам қазақ мақал-мәтелдерінің бірінде: «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі» деген. Сонымен қатар «Он бәленің тоғызы тілден», «Біреуге ор қазба –өзің түсесің», «Жақсыға барсаң жадырап қайтарсың, жаманға барсаң жабығып қайтарсың» деп, балаларымен немерелерін кішкентайынан тәрбиелеп отырған. Есейе келе дін мен дәстүрді қоса меңгерген ұрпағы үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен. Міне, осылай дана халқымыз жас ұрпақты көркем мінезділікке тәрбиелеген.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қияметте таразыны ауыр басатын бір ғана амал − Алладан қорқу мен көркем мінез», – деген болатын.
Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын жол. Сол себепті, көршілерімізбен, туған-туыстарымызбен және бауырларымызбен қарым-қатынастарымызды дұрыс жолға қойғанымыз абзал. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.):«Өзіңмен қарым-қатынасты үзгендермен араңды қос, саған зұлымдық қылғандарды кешір, саған сараңдық қылғандарға дүниеңмен бөліс», – деген екен.
Дана халқымыздың осындай әдет-ғұрыптарымен салт-дәстүрлерін ары қарай жалғастырып, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде қалдырсақ, төлтума құндылықтарымызды жоғалтпас едік, ағайын!
Ж. Өтегенов,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығының»
Арал ауданы бойынша бөлімше меңгерушісі
---
08 қаңтар 2023 ж. 300 0