Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Уақыт тынысын көрсеткен фотосурет

Уақыт тынысын көрсеткен фотосурет

Күні кеше ғана әлеуметтік желі чаттарында «Арал вокзалы алдындағы қазақтар» атты жып-жылы әсер сыйлайтын, аралдықтарды елең еткізетін фотосурет пайда болды. Әрине, ХХ ғасырдың басында түсірілген, сирек кездесетін сурет әп дегеннен үлкен қызығушылығымызды оятты. Уақыт кезеңіне қарап, бұл өзі тарихи сурет десек те болады. Содан ғасырдан астам уақыт бұрын түсірілген көне фотоға қайта-қайта, әлме-әл үңіліп, сонда бейнеленген әрбір детальға дейін қапысыз сүзіп шықтық.
Түпнұсқасында «Киргизи на станции «Аральское море» деп атау берілген фотосуретте осыдан тура жүз тоғыз жыл бұрынғы осы біздің қаланың теміржол вокзалының қақ алды бейнеленген. Көктемгі бір күн жылына бастаған шуақты күн сияқты. Адамдардың жайбарақат, емен-жарқын тұрыстары соны аңдатады. Ап-анық көрініп тұрған адам көлеңкелері шығыстан күн арқан бойы көтеріліп қалған мезгілді білдіреді. Перронда бірнеше бозбала жігіт өздеріне камераны бағыттап түсіріп жатқан фотографтың қимылын қызықтай қарап қалған. Суретті түсірушінің вагон тамбурында тұрғаны анық.
Бұл бозбалалар барқыт матадан тігілген жеңіл, жадағай шапан киіп, белдерін қалың матамен буынған. Аяқтарында жайтабан етіктері бар. Сол кездің сәні болар, үшеуі бастарына шыт орамал байлаған, ішінде тақиялары болуы мүмкін. Енді біреулері бөрік киген. Ғасыр бұрынғы жергілікті қазақтардың киім үлгісін танып отырмыз. Әріде вокзал есігі алдында тұрған екеуді ауқатты не қызметкер қазақтар десек болады. Ішкі бешпет сыртынан белдерін буынып, үстеріне сәнді ақ, қара шапан киген. Ал вокзал есігінің оң босағасы маңында штаттық форма киген екі орыс-пошта және вокзал қызметкері екенін танимыз. Қастарында тұрған жол бойы поштасының темір арбасына біреуі жүк салып жатыр. Вокзал ғимаратының қабырғасына пойыздардың келген-кеткенін білдіріп соғылып тұратын жез қоңырау мен пошта жәшігі қағылған. Үлкен есіктің маңдайына «Аральское море» деп станция аты жазылған.
Вокзал перронында түсірілген суретке қарап отырып, туған қаламыздың сол тарихи кезеңіндегі мағлұматтарды еске түсіріп кеттік. Ғасыр басында, яғни 1901-1905 жылдары Орынбор-Ташкент теміржолы салынып, айналдырған он шақты жылда теңіз жағасында пайда болған елді мекен қыстаққа (поселке) айналған. Ресейден пайда қуып келген орыс көпестері балық кәсіпшілігін ашып, күрт дамыта бастаған. Аталмыш сурет түсірілген 1914 жылы «Арал теңізі» станциясында бір мың бір жүзден астам халық тұратын. Негізгі тұрғындар орыстар болғанымен де, жыл санап қазақтар саны да көбейе түскен. Орыс, татар, қазақ балаларына арналып орыс-түзем мектебі мен бірнеше сыныптық теміржолшылар балалары оқитын мектеп болатын. Арал теңізі портында 37 кеме жұмыс істеп, оларға қызмет көрсететін кеме жөндеу шеберханасы ашылған-тұғын. Сонау Райымда салынған су айдағыш пункті қыстақтың темір жол маңын ауызсумен қамтамасыз ететін. Арал теңізінен ауланған балық өнімдерін, Жақсықылыштың тұзын теміржол арқылы тасымалдап, көпестердің саудасы қызып тұрған.
Ал аталмыш фотосурет қайдан шықты, кім түсірді деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Иә, «Киргизи на станции «Аральское море» атты фотосурет бүгінде Ресей мемлекеттік тарихи музейінің бір экспонаты. Суретті түсірген фотограф Кассиан Любарский белгілі археолог, некрополист (қорымдарды зерттеуші), тарихшы-өлкетанушы, музейтанушы болатын. Өз мамандығына шексіз берілген, еңбекқор адам екен.
Ол 1886 жылы Мәскеуде туған. Осында Мәскеу университетін бітірген. Әлемге әйгілі Румянцев музейінде қызмет атқарған. Өткен тарихты, көне жәдігерлерді іздеуді жақсы көрген. Ертеде шыққан кітаптарды, басылымдарды құнттап жинаған. Орыс жерінің бірнеше аймағында іссапарда болып, құнды-құнды дүниелер тапқан. Сондай іссапарының бірі патшалық Ресейге бодан болған соң, Түркістан губерниясы аталған өлкеге түскен. Осы сапары 1913-1914 жылдарға созылған. Самарқанд, Ташкент, Түркістан секілді ескі шаһарларды аралап, осындағы ғажайып ғимараттарды, мешіттерді, киелі орындарды суретке түсірген. Қазір өлкетану кітаптарында сол суреттер көптеп пайдаланылады, зерттеу еңбектерінде зерделенеді, тарихи айғақтар ретінде қаралады.
Міне, Орта Азияда екі жылдай уақыт болған ғалым 1914 жылы Ташкент-Орынбор теміржолы арқылы Ресейге қайтады. Қайтар жолда, теміржол стансаларында да сурет түсіріп отырған. Соның бірі – «Киргизи на станции «Аральское море» аталатын суреті. Сірә, ол мінген пойыз «Арал теңізі» стансасына аялдағанда, ғалым-зерттеушіні вокзал перронында жүрген жергілікті қазақтар қызықтырған болар.
Қазір бұл сурет Ресей мемлекеттік тарихи музейіндегі «Кассиан Любарскийдің альбомы» атты қорда сақтаулы тұр. Көлемі 10,5х8 сантиметр. Кейін заманауи технологияларды пайдаланып өңделген, қалпына келтірілген.
Ал ғалым-зерттеуші Кассиан Любарский өмірі үлкен трагедиямен біткен. Архангельск қаласындағы музейде қызмет атқарып жүргенде, онда Кеңес өкіметі орнайды. Оған жанашыр достары шетелге эмиграцияға кетуге ұсыныстар жасайды. Ол «Жоқ, туған еліме қызмет істеймін» деп одан бас тартады. Сөйтіп ғылыми ізденіске толы жұмыстарын жалғастыра береді. Алайда 32 жастағы зерттеушіні «контрреволюцияның бүлікшісі» деп тұтқынға алады да, шексіз билікті ҮК оны 1920 жылы ату жазасына кеседі.
Міне, біздің жерлестерімізге өте қызғылықты көрінген бір тарихи суретті жәдігер қып ұсынып кеткен фотографтың өмірі туралы азды-көпті мағлұматтарымыз осындай.
Ерғали АБДУЛЛА
---
10 қаңтар 2023 ж. 219 0