Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Ерекше әдіспен есеп меңгеруде

Ерекше әдіспен есеп меңгеруде

Жас өрендерді білім бәсекесінде шыңдай түсу үшін қай тәсіл болмасын қайырлы болмақ. Бастысы – жұмсаған білім мен еткен еңбек ақталса болғаны. Бүгінде математика ілімін тың әдіс арқылы меңгеру қолға алына бастады. Яғни аяқдоп әдісі айтарлықтай тиімді әрі ұтымды болып отыр. Айталық, мұндай ерекше әдісті ойлап тапқан аралдық жас ұстаз Мұхан Төлебаев.
– Бұл ойын әдісі ҰБТ-ға оқушыларды дайындау үшін өте тиімді жұмыс болды. Себебі, балалар сайыса отырып, өздерінің білім деңгейінің қаншалықты екендігін байқайтын болса, сонымен қатар сайыс-сабақ арқасында оқушылар математикалық атмосфера мен бәсекелестікті сезінеді. Жалпы, сабақтағы бәсекелестік оқушылардың алға жылжуына, дайындығын күшейтуіне оң ықпал жасайды. Демек, қарсылас командалар мәреге жету үшін «білектің күшін емес, білімінің күшін» пайдалану қажеттігін ұғынады. Оқытудағы әдіс-тәсілдердің түрлілігі және оны балалардың қызығушылығына қарай бағыттап таңдап алу, мұғалім үшін үлкен жетістік, – дейді М.Төлебаев.
Білім берудің бұл тың тәсілінде оқушылар доп қуаламайды, есеп шығару арқылы ақылмен шабуылдап, біліммен қорғанады. Шағын футбол ережесіне сай өтетін сабақта 6 оқушыдан екі топқа бөлініп, бақ сынайды. Ең қызығы, оқушылар бұл пәнге футбол жейдесін киіп қатысады. Тіпті, командалар алдын ала жоспар жасап, оны ойын кезінде өзгерте де алады.
Математиканы футбол ойынымен байланыстырған жас мұғалім Мұқан Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназиясында математика пәнінен сабақ береді. Оның айтуынша, бүгінде балалар білім толықтыратын алтын уақыттарын виртуалды әлемге сарп етіп жүргендер аз емес. Ал бір сарынды сабақтар оқушыларды тіпті жалықтырып жібереді. Осы әдісті қолданудағы басты мақсатым – оқушылардың қызығушылығын ояту, дейді.
Ұстаздық ете бастағанына үш жыл болған 25 жастағы жас мұғалім соңғы 2 жылда ҰБТ-ға осылайша ерекше әдіспен даярлай бастаған. Содан бері оқушылардың тест нәтижелері де жақсара түскен. Алдағы уақытта сабақ өту әдістеріне жастар арасында танымал өзге де ойын ережелерін енгізуді жоспарлауда.
---
11 мамыр 2023 ж. 153 0