Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сан сауалға жауап тапқан семинар

Сан сауалға жауап тапқан семинар

Білім беру саласында серпіліс көп. Жыл сайын жаңашылдыққа жарқын қадам басып келе жатқан бұл саланың көкжиегі кеңейіп, тәуелсіз еліміздің әр азаматына білім алуға мүмкіндік молайып отыр. Әсіресе ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға толыққанды білім беру бүгінде мемлекеттің басты назарында.
 ҚР білім беру дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында инклюзивті білім беру жүйесін  дамыту жан-жақты қарастырылған.  Қазіргі таңда балалардың даму мүмкіндіктеріне қарай сала мамандары кедергісіз орта  қалыптастыруға бағытталған шаралар аясында түйткілді мәселелер шешімін тауып жатыр. Баланың психикалық және дене дамуын зерттеу, ерекше баланың кемшілігін ескере отырып қоғамға бейімдеу, айналасындағы достарымен толыққанды қарым-қатынасқа түсуге ықпал ету,  мүмкіндіктерін сезіндіре отырып түрлі шараларға тарту және даму мүмкіндігін ескере отырып оқу жүйесін өзгерту, жалпы білім беру жағдайында  өз замандарсарымен қатар білім алуға жағдай жасау арқылы тұлға ретінде қалыптастыруға жол ашылып отыр.
Қоғамда мүмкіндігі шектеулі балалардың күрделі мәселелерін шешу жолында ауданда да шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жуырда ғана аудан бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен №21 орта мектепте  өткен «Жалпы білім беру жағдайында инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері» атты аудандық тәжірибе алмасу семинары осының бір дәлелі.
Арнайы педагогикалық әдіс-тәсілдермен бөлісу, баланың бейімделген оқу бағдарламасында нәтижеге қол жеткізу  мақсатында өткен семинар барысында дефектологтар “Триз технологиясындағы ойындар жиынтығы», нумикон-математикалық әдістемелік құралмен жұмыс, нейрогимнастикалық жаттығулар, сенсорлық түзетудің әдіс-тәсілдері сияқты заманауи әдіс-тәсілдерді сабақта қолдану барысын іс жүзінде көрсетті. Бірнеше сағатқа созылған  шара соңында аудандық білім бөлімің әдіскері Амангелді Жәкебаев, аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы міндетін уақытша атқарушы   Мақпал Тұяқбайқызы сөз сөйлеп ерекше  әдіс-тәсілдерімен бөліскен мамандарға арнайы алғыс хаттар табыстап, өз ықыластарын білдіріп, бұл шара әлі де  жалғасын табатындығын айтты. Сонымен қатар ерекше балалардың  шығармашылық қабілеттерін  шыңдау да назардан тыс қалған емес.  Олар республика, облыс, аудан көлеміндегі түрлі олимпиада мен  шығармашылық сайыстарының жүлдегерлері атанып та үлгерді.  Қоршаған ортада ерекше балаларды шеттетпеуге ұстаздары,  ата-аналары біріге жұмыс жасаса, алынбайтын қамал жоқ деп білеміз.
Аида МЫРЗАБЕКОВА,
№67 орта мектебінің дефектологы
19 сәуір 2022 ж. 654 0