Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Бу үрлеген буын немесе вейпке тыйым бола ма?

Бу үрлеген буын немесе вейпке тыйым бола ма?

Қазақстан нарығында соңғы 2-3 жылда өтімділігі 300 есеге артқан өнімді білесіз бе? Электронды темекі екен. Мұндай көрсеткіш еліміздің кез келген саласында тіркелмеген екен. Ғажап көрсеткіш емес пе?! Егер сіздің қолға алған кәсібіңіз тап осындай қарқынмен дамитын болса бірер айдың ішінде миллардер атанып, шекесі шылқыған байлардың қатарына қосылған болар едіңіз. Алайда жаман өнімнің жарнамасы жариясыз ақ жақсы таралып, белгілі бір буының арасында көптеген сұранысқа ие болады. Біз айтып отырған вейп өнімдер бүгінде жарнамасыз-ақ жастар арасында жақсы көрсеткішке ие болып жатыр. Бұл қуанатын жағыдай емес. Алаңдайтын мәселе. Неге десеңіз, келешегіміздің ертеңіне екпесіз ақ балта шабатын зиянды дүние осы болып тұр. Мұны бүгінде әлем ғалымдары көтеріп, электронды темекі кейінгі буынға үлкен зиян әкелетінін айтып дабыл қағуда.
Бүгінде электронды темекілердің қауіпсіздігі толық зерттелмеген. Адамға «темекі тастауға көмектеседі» дейтін тиімділігі де дәлелденбеген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хош иістендіргіштерді қолданбауға кеңес беріп отыр. Жарнамасына да тыйым салу қажет дейді. Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпке ресми түрде тыйым салынды.Бұл бастаманы біздің елімізде қолға алып жатқанын білетін боларсыз. Президент деңгейінде көтерілмесе бұл мәселе жабық тақырып күйінде қалып, қоғамның көлеңкелі бизнесіне айналып кете берген болар ма еді. Енді оған жол бермеудің амалын қарастырып жатыр біздің өкімет. Өйтпегенде ше, әлем дабыл қаққан улы мәселе осыншама ушықпаса, мемлекет басшысы көктемде өткен Түркістан Құрылтайында бұл мәселені елдік мүддеге араластырмаған болар ма еді. Енді мәселеге май шаммен үңілуге тура келді. Жастар арасындаға белең алған арзан «у» ға қатысты Президент:
– Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вип және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді. Оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде жастарымыз өзіне зор қауіп төндіруде. Себебі бұл шын мәнінде зиянды нәрсе, – деді.
Мемлекет басшысы қатаң сынға алған бұл өнімнің ендігі халі қалай болмақ десті жұрт. Шындығында елге кесірлі дүниені болашақ үшін басшыдан бастап қолға алу қажет екені түсінікті жағдай еді. Солай болды да. Енді сол сәнге айналған дүниенің зинады жақтарын сіздің назарыңызға ұсынсақ.
Вейпбауыр мен бүйрекке және жүйке жүйесіне зиян тигізеді. Оның құрамындағы никотин қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтыруы да бек мүмкін. Жастар арасында вейп шегетіндердің саны күн сайын артып келеді. Әсіресе оқушылар мини-кальяндарға қатты қызығады. Өйткені вейп темекі секілді емес, одан хош иіс шығады. Никотин де қосуға болады. Бірақ сол хош иістің өзі өте қауіпті. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз ұсынысын жариялаған. Вейпте 31 қауіпті зат бар. Бұл құрылғы ингалятор секілді. Ішіндегі сұйықтық қайнағанда бу шығады. Сұйықтықтың құрамында бірнеше зат бар. Олар глицерин, пропиленгликоль, хош иісті қоспалар және никотин қосылуы мүмкін. Осылайша сіз зиянсыз деп пайымдаған өнімнің болашағыңыз үшін аса қауіпті затқа айналарын біліп жүргейсіз. Ал осы өнімді жиі тұтынатын вейперлер электронды темекінің зияны жоқ деп ойлайды. Себебі оны шеккенде шайыр бөлінбейді. Дегенмен Беркли университетіне қарасты Лоурен атындағы ұлттық зертхана мамандары вейптен уытты заттардың бөлінетінін анықтады. Буда 31 қауіпті зат болады. Оған қоса, хош иісті сұйықтықты көп жағдайда қолдан жасайды. Содан бағасы да арзан. Ал аккумулятор қызып тұрғанда канцерогенді заттардың мөлшері көбейеді. Аккумулятор жарылып кетуі де мүмкін. Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, уытты химикаттардың бірі – диацетил. Ол хош иістендіргіштердің 75 процентінде болады. Оны тамақ өнеркәсібі де пайдаланып жатады. Бірақ деммен ішке көп тарта берсе, өкпеде қабыну процестері басталады. Бронхшалар тарылады, тыртықтар пайда болады. Жалпы уытты заттардың әсері аз емес. Ал бір вейпті бірнеше адам қолданған жағдайда гепатит, туберкулез сияқты аурулар таралуы мүмкін. Жүкті әйелдерге, аллергиямен ауратындарға және кәмелет жасқа толмаған балаларға вейп шегу аса қауіпті.
– Сонымен, өскелең ұрпақ неліктен санаға салмақ түсіруге құмар? Бұл сұрақтың жауабын іздеп психолог мамандардың пікіріне құлақ түріп көрдік. «Ересектерге еліктеп шылым шеккен жасөспірімдер бұрын да болған, қазір де бар. Бұл үрдіс әсіресе 14-16 жас аралығындағы өтпелі кезеңде көптеп кездеседі. Алайда вейп сынды әртүрлі электронды шылымдар балалардың қызығушылығын екі есе арттырды. Әлеуметтік желідегі жарнамаларды, вейпке қатысты қызықты оқиғаларды көрген сайын, жаман әдет жас ұрпақтың санасына сыналап ене бастады. Ақыр соңында балалар «мың рет естігенше, бір рет көр» деп вейптің дәмін татып көруге асығады. Жасөспірімдердің өсу, қалыптасу кезеңінде олар үшін ата-ананың, ұстаздың айтқан ақылынан гөрі, айналасындағы құрбы-құрдастарының пікірі маңызды. Бұл жастағы балалардың психологиялық ерекшелігі де осы. Олар ең алдымен көптен қалмауға, топтан бөлінбеуге тырысады. Психологияда бұл үрдіс конформизм деп аталады. Жас бала үшін құрдастарынан алшақтап, «ала қарға» атанудан жаманы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл – топтық сананың ықпалы, – дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері, PhD докторы, психолог Балабек Сақтағанов.
Иә, сәннен қалмаймын деп сынға ұшырап жатқан жастар арасындағы көптеген таңсық дүниенің зияны жайлы қоғам жиі дабыл қағуда. Бұл бу үрлеген буынның басында кездесіп жататын кесел болып тұр. Енді соған тыйым салатын уақыт келді. Қазір вейпті кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге сатуға тыйым салынған. Соған қарамастан кез келгеннің қолында кездесетін қауырсын қорапшаны көргенде таң қаласың. Демек саудагерден де сый кеткен сияқты. Бастысы бүгінін емес ертеңін ойлайтын жастардың көп болғанын қалаймыз. Бірақ қоғам сынына ұшыраған өнімнен бас тартуды білетін буын көп болса қане? Ендігі үміт сол жастардың ақылы мен санасында.
А. БИСЕНОВ

---
08 тамыз 2023 ж. 106 0