Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Электронды темекіге әуестік басылар емес...

Электронды темекіге әуестік басылар емес...

Бірде үйге қажетті азық-түлік алмақшы болып дүкенге соққан болатынмын. Дүкен сөресінен керекті заттарды алып болып, сатушы тәтейге қарай жүріп келемін. Түскі астың уақыты болған соң ба, дүкенде біршама адам жиналып қалған екен. Сонымен менің алдымда екі мектеп оқушысы әлгі сатушымен есептесіп әлек. Бірде олардың алып жатқан түрлі-түсті кішкентай қорапшаға көзім түсіп кетті. Иә, бұл заттың не екендігін айтпаса да өзім түсініп тұрмын...
Бүгінде технология дамып, жаңа ғасыр орнады деген сайын ертеңгі ел болашағы болар жастардың қазіргі іс-әрекетіне көз жұма қарап жүргеніміз бе сонда? Ой-санасы толықтай қалыптасып үлгермеген бүгінгі жас буын «бренд» пен «трендті» қуып әлек. Ұялы телефоннан түрлі бейнероликтерді көріп алып, өздері соны қайталап жүретіндері де жасырын емес. Көше бойында жаяу жүре қалсаң болды, қолдарына бір-бір электронды темекі ұстап, түтінін бұрқыратып тұратын жастарды көріп те жүрміз. Ал қазіргі адамдар құдды бұл көрініске үйреніп кеткендей, дым көрмегендей жандарынан өте береді. Бұл заттың адам денсаулығына қаншалықты зиян екендігін білеміз бе? Ал оқушылар мұндай дүниені не үшін пайдаланады деп ойлайсыз?
Алдымен электронды темекінің қайдан және қалай пайда болғандығы жөнінде айтып өткеніміз жөн. Алғаш рет сигаретке ұқсас дүниені америкалық үндістер ойлап тапқан екен. Ал бүгінде Еуропа елдерінің өзінде ересек тұрғындардың 28 пайызы темекі тұтынады. Жалпы адамзат баласы темекі туралы Солтүстік Америкаға экспедиция жасаған уақытта шылым шегіп тұрған үндісті көрген Христофор Колумбтың арқасында хабардар болды. Сол уақыттан бастап испандықтар мен португалдар темекі жапырақтарын кең көлемде Еуропаға әкеле бастайды. Дегенмен, мұндай зиянды заттан бас тартқан мемлекеттер де жоқ емес. Мұнан кейін бұл заттың түр-түрі шығып, бүгінде электронды темекіге айналып отыр. Электронды темекіні 2003 жылы қытайлық Хон Лик ойлап табады. Сонымен бірге адам өмірінде бір рет темекі тұтынып көретін болса, кейін оның құрамындағы никотин адам ағзасына тәуелділік тудырады екен. Яғни, адам темекіге тәуелді болып қалады. Бұл темекінің бастапқы бөлігінде деміңізді ішке алғанда темекінің дәміне ұқсас дәм беретін светодиод орналасқан. Ал аккумулятор мен фильтрдің ортасында қыздыруға арналған электронды чип орнатылған. Ол адам демін өлшеп отырады екен. Сондай-ақ электронды темекіні қыздыру барысында оны жандырмайды. Егер жанып тұрған темекінің температурасы 900 градусқа дейін жететін болса, никотинді жеткізетін балама өнімдер темекіні түтінге жеткізбейді. Яғни, 400 градустан асырмай қыздырады. Оның орнына майда бөлшектерден тұратын аэрозоль шығады.
– Бүгінгі уақытта мұндай темекіні көптеген оқушылардың тұтынатынан хабардармын. Сондай-ақ бұл заттың қаншалықты зиян екендігін ұлыма әрдайым түсіндіріп отырамын. Кей дүкен сөрелерінен электронды темекінің түр-түрін кездестіруге болады. Тіпті мұны оқушыларға сатуға болмайтындығы да анық. Оны кей дүкен ескеріп жатса, енді бірі саудасының жүргеніне риза. Атаулы заттың зияны мен оған жоламау керектігін әрбір ата-ана өз баласына айтып отыруы қажет деп ойлаймын. Сонда ғана бала зиянды заттардан өзін аулақ ұстары белгілі, - дейді ата-ана Р.Құрманғалиева.
Асыл дінімізде: «Өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер» деген сөз бар. Яғни, адам денсаулығына зиянды заттарды пайдалануға болмайтындығын аңғаруға болады. Тіпті медицина саласында да темекі атаулыға жоламауға кеңес берілген. Сол үшін дана халқымыз: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деді емес пе?! Сондықтан өзімізді және жақындарымызды зиянды дүниелерден аулақ ұстағанымыз жөн. Заман мен адам дамыса да, шаңырақ басындағы ел болашағы болар жастарымызға темекінің қай түріне болсын әуес болмау керектігін үлгі еткеніміз жөн.

А.НҰРЛАНОВА

Фото: ​halyq-uni.kz​​​
05 қаңтар 2023 ж. 294 0