Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Мәжіліс депутаты маңызды жобаларға мән берді

Мәжіліс депутаты маңызды жобаларға мән берді

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Жайымбетов Сыр өңіріне келген сапарында Арал ауданына ат басын бұрып, өңірдегі елді мекендерді аралап, жүзеге асып жатқан жобалардың жай-күйін таразылады. Сондай-ақ тұрғындармен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдады. Халық қалаулысы алдымен Арал қаласында жаңадан салынып жатқан темір жол арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысымен танысты.
Бүгінде аудан орталығында 40 мыңға жуық халық тұрады. Темір жолдың екі бетінде қоныстанған. Пойыз өткен сайын өткел жабылып, екі шақырымдық көлік кептілісі қалыптасады. Мұның зардабын жергілікті халық әлі күнге тартып келе жатыр. Әсіресе, жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдарының қызметіне орасан зор кедергісін келтіреді. Бүгінде осы мәселені түпкіліті жою мақсатында шойын жолдың үстінен аспалы көпір салынып жатыр. Ұзындығы 940 метр болатын маңызды құрылыс нысанында Мәжіліс депутаты болып, нысан басында мердігер компания өкілдерімен жүздесті. Қазіргі таңда жобалаудағы аздаған олқылықтарға байланысты жұмыс баяу жүріп жатыр. Соған қарамастан мердігер компания өкілі алдағы жылы көпірді ел игілігіне беруге уәде берді.
Сонымен қатар құрылыс басында ауданның құрметті азаматтары, ардагерлер Әбілбай Садықбаев, Әділбек Айымбетов сынды зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, аудандағы өзге де өзекті деген мәселелерді өзара талқылады.
Сондай-ақ М.Жайымбетов Арал қаласындағы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сатып алынатын пәтерлердің құрылыс алаңына барды. Қазір мұнда 42 үйдің (84 пәтер) құрылысы жүріп жатыр. Жалпы 100 пәтер бой көтереді. Әрқайсының көлемі 73 шаршы метрден. Құрылыс биыл мамыр айында басталды. Осы күзде, қарашада аяқталуы қажет. Баспаналар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, отбасыларға беріледі. Бұл – оң үрдіс. Игі жоба алдағы уақытта да жалғасын табады деген үміттеміз.
Халық қалаулысының кезекті сапары Сексеуіл кентінде жалғасты. 12 мыңнан астам тұрғыны бар Сексеуіл елді мекеніне жаңа аурухананың қажеттігі көптен көтеріліп жүргені белгілі. Сол мәселенің шешімі табылып, 40 төсекке шақталған аурухананың құрылысы биыл көктемде басталған болатын. Нысан 8 ай ішінде бітуі тиіс. Алайда, құрылыс алаңында жүргізіліп жатқан жұмыстың баяу әрі мардымсыз екенін назарға алған Мәжіліс депутаты өз тарапынан сын-ескертпе айтып, құрылысты созбалаңға салмай, дер кезінде аяқтауға күш салуын тапсырды.
– Мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан әр тиынның сұрауы бар. Халық көріп-біліп отыр. Жауапкершілігі төмен мердігердің кесірінен адамдардың жергілікті атқарушы органдарға, жалпы билікке деген сеніміне селкеу түсуі мүмкін. Мұндайды болдырмауымыз қажет, – деді М.Жайымбетов.
Сонымен қатар Сексеуіл кентінде жаңадан салынған ашық спорт алаңында болды. Бұған облыстық бюджеттен 72,3 млн теңге жұмсалған. Мердігер («Намыс-Құрылыс» ЖШС) барлығын сапалы жасауға тырысқан. Дегенмен футбол қақпасы мықтап бекітілмеген. Балалар деген жай қарап тұрмайды, әрнәрсеге сүйенеді, сүйкенеді. Сондықтан қақпа осал болмауы керек, баланың үстіне құлап кетпеуі тиіс. Спорт алаңын салғанда ең алдымен өрендердің қауіпсіздігіне баса мән беру қажет. Мұны да депутат назарға алып, жауаптыларға ескеру жасады.
Бұдан кейін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында кент ішінде салынып, жөнделіп жатқан жолдарды қарап шықты. Сонымен қатар, кентті газдандыру жұмыстарына куә болды. Бас мердігер – «AKBARS STROY Ltd» ЖШС. Жұмыс қарқынды. Қазіргі таңда 91 шақырым газ құбыры жүргізілген. Енді темір жол өткелінен өткізуге дайындық жасалып жатыр. Сондай-ақ, ГРШП орнатуға әзірлік жүруде. Сексеуіл кентін «көгілдір отынмен» толық қамтамасыз етуге, яғни газдандыру жұмыстарын аяқтауға 700 млн теңгеден астам қаржы қажет. Соны республикалық бюджеттен бөлдіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Түйіткілді оңтайлы шешуге өз тарапынанықпал жасалатынын айтты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Мұнаны соң Сексеуіл кентінің тұрғыны Ахметжан Бохановтың егістік алқабына барды. Жерлестеріне жақсы үлгі көрсетіп, 6 гектар аумаққа маңдай терін төгіп, бақша өсірген бақташы «Подпленка» әдісі арқылы өсірген өнімдерін аудан халқына сырттан келетін қауын-қарбыздан арзан сатып жатыр. Бұдан бөлек, ол 1 гектар жерге көкөніс дақылдарын еккен. Екі жылыжайы да бар. Онда голландиялық қиярдың бірнеше сорты өсіріледі. Кәсіпкер мемлекеттің жасаған мүмкіндігін пайдаланып, қайтарымсыз грантқа да қол жеткізген. Ахметжан өз отбасын асырап, табыс тауып қана қоймай, нарықтағы бағаның тұрақтануына үлес қосып жатыр. Өнімдер өзімізден шығарылса, импорттың үлес салмағы да төмендейтіні сөзсіз. Сол себепті талабы таудай осындай азаматтарды қолдау қажет.
Кезекті сапар ауданға қарасты Сапақ ауылында жалғасты. Елді мекендегі осыдан жиырма жыл бұрын асар әдісімен салынған №69 орта мектебінің ғимаратында болып, жағдайымен танысқан халық қалулысы 60 балаға шақталған оқу ошағы заман талабына сай келмейтіндігін тілге тиек етіп, ауыл ақсақалдарымен, тұрғындарымен тілдесті. Тұрғындар тарапынан Сапаққа 100 орындық мектеп салу мәселесі көтерілді. Жобалық-сметалық құжаты дайын. Тек қаржы көзін қарастыру күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ осы ауылдық округке қарасты Көктем елді мекеніне тартылып жатқан ауызсу желісінің құрылыс жұмыстарын қатаң сынға алды.
– Сапақ ауылдық округіне қарайтын Көктем елді мекені бар. Сол ауылдың үлкендері де кездесуге келген болатын. Олардың айтуынша, былтыр Көктемде су жүйесінің құрылысы басталған. Жобаның құны – 298,5 млн теңге. Бас мердігер – «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС. Алайда әлі күнге дейін құрылыс аяқталған жоқ. Қазір мұнда су айдау стансасының насос құрылғысы орнатылып жатыр. Ел игілігіне беретін мерзімі өтіп кетті. Ауыл ақсақалдары осы су жүйесінің құрылысын ұзаққа создырмай, тезірек аяқтауға ықпал етуді сұрады. Бұл мәселе біздің басты назарымызда болады, – деді М.Жайымбетов.
«Толқын» ақпарат
---
22 тамыз 2023 ж. 201 0