Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Кинооператор Асхат Ашрапов

Кинооператор Асхат Ашрапов

1971 жылы Қазақфильм киностудиясынан Қыз Жібек фильмі түсіріліп, көрерменге жол тартты. Фильм жарыққа шыққан бойда-ақ үлкен даңққа кенелді. Тіпті фильмді көптеген шетелдіктерде көріп, жоғары баға берді. Фильм бастапқыда 4 серияға жоспарланған екен, бірақ ақша жетіспеушілігіне байланысты кейін 2 серияға лайықталған. Кезінде фильмді жасаушылар бұған наразылықтарын білдірген де, бірақ айтқандары болмаған.
Әрине, фильмді түсірген әйгілі режиссер Сұлтан Қожықов, музыкасын жазған даңқты композитор Нұрғиса Тілендиев, басты рольдерде ойнағандар Кененбай Қожабеков, Кәукен Кенжетаев, Асанәлі Әшімов, Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, Қанабек Байсейітов, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, Гүлфайруз Исмайловалар екенін бүгінде жұрттың бәрі біледі. Қазақстанның халық суретшісі Гүлфайруз Исмайлова осы фильмнің ұлттық киімдерінен бастап бүкіл декорациясын өзі жасаған және Жібектің анасы Айкөздің рольін сомдаған. Біздің жерлестеріміз белгілі жыршы Набат Айдәулетова мен Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев та осы фильмге қатысып, Набат әйелдер сапында, Құдайберген Бекежан әскерінің құрамында ойнаған.
Ал осы әйгілі фильмді пленкаға түсіріп, таңғажайып көріністерді көз алдымызға әкелген кинооператор, бауырлас башқұрт елінің өкілі Асхат Ашрапов Тазетдинұлы екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін.
Асхат Ашрапов 1931 жылы 15 сәуірде Башқұрт АССР-нің Кияуково деревниясында дүниеге келген. Қазақстанның өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1955 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер иниститутын бітіріп, сол жылдан бастап Қазақфильм киностудиясында оператор болып жұмыс істейді. 1991 жылы Башқұртстанда киностудия құруға қатысқан. 1990 жылдан Қазақстан кинематографистер Одағының директоры қызметін атқарады. Әйелі Лидия Әбдікәрімова да киноактриса, "Қыз Жібек" фильмінде әйелдер сапында ойнаған.
Асхат Ашрапов 1955 жылдан 1990 жылдар аралығында «Ана туралы аңыз», «Жартастағы шынар», «Медеудегі кездесу», «Түрксиб», «Қан мен тер», «Айсұлу», «Атаманның ақыры», «Тұлпардың ізі», «Қасқырлар үйірі» сияқты басқа да көптеген фильмдерді түсірген. Тіпті кейбір фильмдерге өзі режиссер де болған. Ол бүкіл өмірінде 17 көркем, 15 документалды фильм түсірген және бір ерекшелігі – осы фильмдердің көпшілігін Ашраповтың бір өзі түсірген.
1990 жылдардан кейін Ашраповтың "Қазақфильмде" түсірген фильмдері байқалмайды. Соған қарағанда ол бізге белгісіз бір себептермен Қырым Автономиялы республикасына қоныс аударып, сонда 2008 жылдың 19 сәуірінде қайтыс болған.
Жалпы кинофильмде болсын, спектакельде болсын ролде ойнап көрерменге көрінбесе режиссер, композитор, суретші-декоратор, оператор сияқты адамдарды жұрт біле бермейді. Олар сахнаның сыртында қалады. Тіпті уақыт өте келе жұрт оларды мүлде ұмытып та кетеді. Міне, сондай адамның бірі, қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Асхат Ашрапов Тазетдинұлының жарқын бейнесін қазақ халқы ешқашан ұмытпақ емес.
Жақсыбай Төребеков,
мәдениет саласының ардагері
---
23 шілде 2024 ж. 98 0