Жағасы көл, ырысы мол Қамыстыбас

Ауданда кенже дамыған саланың бірі болса да, Қамбаш көлі тынығушыларға жан тыныштығын сыйлауға үлкен мүмкіндік тудырды. Аудан экономикасының қарқынды ілгерілеуіне ғана септігін тигізбей, Аққұмшық жағажайы келушілердің де көңілінен шығып, суға түсу маусымында тек аудан, облыс көлемінде ғана емес, республика бойынша мыңдаған тынығушының жайлы орнына айналды. Расымен де, Қамбаш көліне арнайылап сырт қаладан келетін халық саны жыл сайын артпаса, азайған емес.
Жалпы Қамыстыбас ауылындағы «Аққұмшық» жаға жайында 26 кәсіпкер, 104 нысан қызмет көрсетіп келеді. Сонымен бірге жаз бойы 100-ден аса ауыл тұрғындары осы жерде қызмет жасап, өз нәпақаларын табады. Қазіргі таңда көлдегі су деңгейінің түсуіне байланысты келіп демалушылар саны 2023 жылмен салыстырғанда төмен екен.
Тағы айта кетерлігі, көлдегі қауіпсіздік шаралары да басты назарда. жағажай басында кезекшілікпен Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті «Жедел құтқару жасағы» РММ-нің Қамыстыбас құтқару бөлімшесінің қызметкерлері жұмыс істейді.

–Жыл сайын суға түсу маусымы басталғаннан-ақ отбасымызбен жаздың үш айында да Қамбаш көліне арнайы келіп демаламыз. Меніңше, күнделікті күйбең тіршлікте жүрген әр адамға ай сайын бір демалыс керек секілді. Сол секілді, міне біз де жаз басталса отбасылық дәстүр бойынша бірінші кезекте осы көлге келеміз. Мұнда толықтай дерлік жағдай жасалған десем де болады. Арнайы көл басынан үй жалдап, қалаған тағамымызға тапсырыс береміз. Балалар да бір демалып қалады,–дейді қала тұрғыны А.Орынбасар.
"Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, баршамыз осы кішігірім туризмді жалғыз аудан, облыс бойынша емес, әлем бойынша танытуға тырысқанымыз жөн. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланғанымыз дұрыс секілді. Сол үшін одан әрі көркейтіп, дамытып халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, жұмыссыздық мәселесін азайтуға, атсалысатындай етіп үйлестіру керек.
А. НҰРЛАНОВА