Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Тазалық мәдениеті маңызды

Тазалық мәдениеті маңызды

Тазалық – адам өмірінің ажырамас бөлігі әрі өркениетті қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі. Ол тек жеке бас гигиенасымен ғана шектелмейді, сонымен қатар қоршаған ортаны, қоғамдық орындарды, көшелерді, табиғатты таза ұстау мәдениетін де қамтиды. Тазалық мәдениеті адамның денсаулығына, өмір сапасына, қоршаған ортаның сақталуына және қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан кез келген елдің даму деңгейі тұрғындарының тазалыққа деген көзқарасы мен жауапкершілігі арқылы да бағаланады.
Әлемдегі тазалығы төмен елдердің қатарында Үндістан, Бангладеш, Пәкістан, Нигерия және Ауғанстан жиі аталады. Бұл елдерде халықтың тығыз қоныстануы, өндіріс орындарының көптігі, көлік санының артуы және тұрмыстық қалдықтардың дұрыс өңделмеуі экологиялық жағдайды күрделендіреді.
Үндістанда соңғы жылдары тазалықты жақсарту бағытында көптеген жұмыстар жүргізілгенімен, кейбір ірі қалаларда қоқыс мәселесі әлі де өзекті. Сонымен қатар өзендердің ластануы мен ауаның сапасының төмендігі тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді. Ал Бангладеште өнеркәсіптік қалдықтар мен халықтың өте тығыз орналасуы қоршаған ортаға үлкен салмақ түсіреді. Кейбір өзендер өндіріс орындарының қалдықтарымен ластанып, ауыз су сапасына әсер етеді. Сондай-ақ Пәкістанда тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жүйесі барлық өңірде бірдей дамымаған. Соның салдарынан көптеген елді мекендерде қоқыс үйінділері пайда болып, санитарлық жағдайдың нашарлауына әкеледі.
Жалпы тазалық мәдениеті – адамның өзінің және айналасының тазалығын сақтауға бағытталған саналы әрекеттері мен дағдыларының жиынтығы. Бұл мәдениетке жеке бас гигиенасын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару, қоғамдық орындарды ластамау, табиғатты қорғау және экологиялық жауапкершілік жатады.
Тазалық мәдениеті ең алдымен отбасы тәрбиесінен басталады. Балалар кішкентай кезінен бастап қол жууды, өз бөлмесін таза ұстауды, қоқысты арнайы жәшікке тастауды үйренеді. Кейін мектепте, қоғамдық ортада және еңбек ұжымында бұл әдеттер одан әрі қалыптасып, адамның өмір салтына айналады.
Әлем елдерінде тазалық мәдениетінің қалыптасуы
Әлемнің көптеген дамыған елдерінде тазалық мәдениеті бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан. Оның дамуына халықтың білім деңгейі, мемлекеттік саясат, заң талаптары және қоғамдық сана үлкен ықпал етті.
Мәселен Жапония – тазалық мәдениеті жоғары дамыған мемлекеттердің бірі. Бұл елде балалар мектеп қабырғасынан бастап өз сыныптарын, дәліздерін және мектеп ауласын өздері тазалайды. Мұндай дәстүр еңбекке құрметпен қарауға және қоғамдық жауапкершілікті сезінуге тәрбиелейді. Сонымен қатар жапон халқы көшеге қоқыс тастамауға ерекше мән береді. Көптеген қоғамдық орындарда қоқыс жәшіктері аз болғанымен, адамдар қоқыстарын үйлеріне алып кетіп, арнайы сұрыптап тастайды.
Біз жапониялықтардың тазалыққа аса жауаптылықпен қарайтынына талай мәрте куә болғанбыз. Нақтырақ айтар болсақ футбол мачтраныда ойын біткен соң барлығы стадион тербуналарындағы қоқыстарды толықтай тазартып кететінін көрген әрбір ел олардың осы әрекетіне таңданыс танытқанын жасырмайды. Бұл олар үшін дәстүрге айналып кеткен дүние.
Ал Сингапур әлемдегі ең таза қалалардың бірі ретінде танылған. Мұнда тазалықты сақтау қатаң заңдар арқылы жүзеге асырылады. Көшеге қоқыс тастаған, қоғамдық орындарды ластаған немесе түкірген адамдарға айыппұл салынады. Сонымен қатар мемлекет экологиялық тәрбиеге ерекше көңіл бөліп, халық арасында тазалық мәдениетін насихаттайды.
Германияда да қалдықтарды сұрыптау мәдениеті жақсы дамыған. Тұрғындар қағаз, пластик, әйнек және органикалық қалдықтарды бөлек жинайды. Бұл табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қайта өңдеу өндірісінің дамуына мүмкіндік береді. Экологиялық жауапкершілік мектептен бастап оқытылады.
Швеция мен Норвегияда табиғатты қорғау ұлттық құндылықтардың бірі болып саналады. Бұл елдерде қалдықтардың басым бөлігі қайта өңделеді немесе энергия өндіруге пайдаланылады. Халық табиғатқа ұқыпты қарап, қоршаған ортаны қорғауды азаматтық міндет деп есептейді.
Қазақстандағы тазалық мәдениеті
Қазақстанда соңғы жылдары тазалық мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ел көлемінде сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, экологиялық жобалар мен табиғатты қорғау шаралары тұрақты ұйымдастырылады. «Таза Қазақстан» акциясы тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Сонымен бірге елімізде қалдықтарды сұрыптау жүйесін дамыту, қайта өңдеу өндірістерін көбейту және халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен кейбір өңірлерде көшелердің ластануы, табиғатқа қоқыс тастау және тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқармау мәселелері әлі де кездеседі. Сондықтан тазалық мәдениетін қалыптастыруда әр азаматтың жеке жауапкершілігі маңызды рөл атқарады.
Аймақ алдыңғы қатарда
Осы бағыттағы жұмыстар облысымызда да қарқынды атқарылып келеді. Мәселен былтыр «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Сыр өңірі тазалық көрсеткіші бойынша бірінші орында екені айтылды.
Облыстың барлық елді мекендерінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тазалық шараларына 190 мыңнан астам еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. 8 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі 471 сквер мен парк, 221 тарихи-мәдени ескерткіш, 998 әлеуметтік нысан, 2820 өнеркәсіп және бизнес нысаны аумағы, 35 су объектісі мен 23124 көше бойы (4025 көпқабатты, 19099 жер үй ауласы) тазартылды. Оған 540-тан астам техника жұмылдырылды. Өңірдің климатына сәйкес келетін, жерсінген қарағаш, терек және Сыр талының 240 700 көшеті егілді. Бұл тек 2025 жылдың тамыз айындағы көрсеткіш қана.
Ауданда ауқымды жұмыс бар
Арал ауданында да «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді абаттандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан аумағында санитарлық тазарту, көгалдандыру, қоғамдық орындарды ретке келтіру, көшелер мен аулаларды тазалау сияқты шараларға тұрғындар, еріктілер, мекеме қызметкерлері мен қоғам белсенділері белсенді атсалысып келеді. Сонымен қатар Арал теңізінің экологиялық мәселесін шешу, табиғи ортаны қалпына келтіру және өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жобалар да тұрақты назарда. Бұл ретте ауданға Үкімет делегацияларының, халықаралық қаржы институттары мен шетелдік ұйымдар өкілдерінің келіп, экологиялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысуы Арал өңірінің мәселесіне деген жоғары деңгейдегі назарды көрсетеді. Қоршаған ортаны қорғаумен қатар, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инженерлік инфрақұрылым да жаңартылуда. Соның бірі – Арал қаласының кәріз жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары. Өткен жылы жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асырылса, биыл №4 мөлтек ауданға кәріз желілерін жүргізу қолға алынды. Жалпы құны 557,5 млн теңгені құрайтын жобаға 2026 жылы республикалық бюджеттен 547,2 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Мұндай жұмыстардың барлығы тазалықты тек сыртқы көрініспен шектемей, елді мекендердің санитарлық жағдайын, экологиялық қауіпсіздігін және тұрғындардың өмір сүру сапасын кешенді түрде жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан Арал ауданындағы «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы шаралар – табиғатты қорғау мен елді мекендерді көркейтуге ғана емес, тұрғындар арасында тазалыққа деген жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл жұмыстардың нәтижелі болуы әр азаматтың туған жеріне жанашырлықпен қарап, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруына тікелей байланысты.
О.ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
---
15 тамыз 2026 ж. 21 0