Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкесі жоғалған қызымен 24 жылдан кейін қауышты

Әкесі жоғалған қызымен 24 жылдан кейін қауышты

Ван отбасы осыдан 24 жыл бұрын жоғалтып алған Ци-Фэнь есімді қызымен қайта қауышты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Қытайдың CCTV орталық телеарнасына сілтеме жасап.

Егер ата-ананың ең қорқынышты түсі баласын жоғалтып алу болса, дәл осы жағдай Чэнду қаласының тұрғыны Минцин Ван және оның әйелінің басынан өтеді.
Ван отбасы осыдан 24 жыл бұрын үш жастағы Ци-Фэнь есімді қызын жоғалтып алады. Жеміс жидектерді сатумен айналысатын Минцин ақша майдалау үшін дүңгіршегіне қызын отырғызып кетіп қалады. Алайда қайтып келгенде кішкентай Ци-Фэньді таппай қалады.

Олар полицияға шағым түсіреді, көшелерде қыздарының суреті бар парақшаларды іледі. Алайда нәтиже болмайды, кейінірек баланың жоғалуы туралы істі полиция мүлдем жауып тастайды.
Соған қарамастан үміті үзілмеген әке кішкентай қызын іздестіруді жалғастыра береді. Жылдар бойы үш жасар қызының суреті және қысқаша ол туралы ақпараты бар парақшаларды басып шығара береді және де хабарландыру беруді жалғастырады.
2015 жылы іздестіру кеңістігін кеңейту мақсатында таксист болып жұмысқа орналасады. Осылайша ол өзінің басынан өткізген оқиғаны әр жолаушыға айтып беріп жүреді. Және де орындығының артына қызының жоғалғаны туралы парақшаны іліп қояды.
«Бір күні көлігіме қызым отыруы мүмкін деген үмітім болды», - дейді ол.
Сонымен қатар, қызым табылып қалар деген үмітпен Ци-Фэньнің сіңілісі кенже қызының суретінде жолаушыларға көрсетіп отырған.

Бұл оқиғаны естіген азаматтар әлеуметтік желіде кеңінен тарата бастайды, кейінірек күллі Қытай бұл оқиға туралы білетін болады. Полиция жоғалған қыздың әкесіне бала кезіндегі суретіне сүйене отырып Ци-Фэньнің қарындашпен салынған портретін салуды ұсынады. Бұл портрет ол ержеткенде қандай болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Дәл осы портрет әкесінің қызымен қауышуына көмектеседі.
Кан Инь есімді қыз осы портретті көрген соң өзімен ұқсастық бар екенін аңғарады. Кан Инь Чэнду қаласынан алыс жерде орналасқан кішкентай ауылда тұрады, ал оны жол жиегінен тауып алған отбасы асырап келген. 27 жастағы Кан Иньнің түрінен басқа маңдайындағы тыртық және жылағанда дене қызуының көтеріліп кететіні сияқты ұқсастықтар анықталған.
Көп созбай бойжеткен Минцинге хабарласып өзі туралы айтып береді. Кейінірек полиция РНҚ тестін өткізеді, өз кезегінде ол Кан Иньнің бойжеткен Ци-Фэнь екенін растайды.
«Басымнан не өткенін сөзбен жеткізе алмаймын. Үміттендік, қажыдық, сенімімізді жоғалттық, бәрі болды. Осы 24 жылдың ішінде көрмегеніміз қалмады. Біздің кездескеніміз үлкен бақыт», - деп ағынан жарылды бақытты әке.

04 сәуір 2018 ж. 1 646 0