Германиядан сағынышты сәлем

Миних Нина әжей Қазақстанда 56 жыл тұрған. «Қазағым, өзің едің базарым да, Ел жақта есіл-дертім, назарым да...» деп өлеңдеткен әжей қазақтың ән-жырын әлі ұмытпадым дейді. «Германияда тұрсақ та, жүрегіміз Қазақстанда. «Әй, кәпір» деген жоқ ешкім, қазаққа алғысым шексіз», – деп аналық ақ тілегін жеткізді.
«...Сағынғанда жылына екі рет барамын»
Нина әжейдің қызы Миних Клара – Қарағанды облысы Шет ауданы Ақбауыр ауылының тумасы. Клара Ақбауырда өсіп-өніп, балалы-шағалы болған. Қазақстанымыз бұдан да көркейіп, өсе берсін, заманымыз тыныш болсын деп алғаусыз сезімін жеткізген Клара: «Біз сіздерді ешқашан ұмытпаймыз», – дейді. «Ақбауыр ауылының тұрғындарына, достарыма, көрші-маңайға, туыс-абысындарға алғысым шексіз», – деп, көзкөрген дос-туысының біразының атын атап, рахметін айтты.
«Қазақстанымыз көркейе берсін, гүлдене берсін!»
Нина әжейдің ұлы Миних Данил да Ақбауырда туып, Батық ауылында еңбек жолын бастаған. Жора-жолдастарының Қазақстанда екенін айтып, дәм-тұз тартқанда барып тұрамыз дейді. «Сіздер ана жақта, біз осы жақта аман болайық. Осылай амандықпен кездесуге жазсын», – деп өз сөзін түйіндеген түрі басқа, тілегі бір Данил Миних.
baq.kz