Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вирусты жеңіп шықтық деген Израиль қайтадан індетпен күреске дайындалып жатыр

Вирусты жеңіп шықтық деген Израиль қайтадан індетпен күреске дайындалып жатыр

Израильде коронавирус дертін жұқтыру жиілеп барады. Осыған байланысты үкімет дабыл қағып отыр.

Израильде коронавирус дертін жұқтыру жиілеп барады, деп хабарлайды 24.kz. Осыған байланысты үкімет дабыл қағып отыр. Науқастардың көбі – шетелден келгендер. Билік шекараларды жауып, қатаң карантин шараларын енгізуді қарастыруда. 
Израиль билігі ғимарат ішінде маска тағуға міндеттейтін соңғы карантиндік шараны бір апта бұрын ғана алып тастаған еді. Мамандар бұл асығыс шешім болғанын айтады. Сол себепті олар қайтадан қоғамдық көлік пен адам көп жиналатын орындарда бетпердемен жүру керектігі жайлы айтып отыр. Өйкені коронавирусты жұқтыру деректері көбейіп барады. Маусымның басында бірнеше науқастан тіркеліп отырса, қазір тәуліктік өсім жүзден асады. 
Тұрғындардың бұл шешімге қалай қарайтыны белгісіз. Бірақ қайтадан маска тағу керек болса, жұрт түсіністік танытады деп ойлаймыз. Біз қалыпты өмірге қайта оралғымыз келеді, – дейді Израиль Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Михаил Гдолевич.
Эпидемиологтар биліктің асыққанын айтады. Өйткені әуе сапарлары қайта жанданған соң, израильдіктер шетелге шығып, елге вирустың мутацияларын алып келді. Салдарынан мектептерде екпе салдырмаған балалар арасында ауру анықталды. Енді билік қайтадан әуежайды жауып, әуе рейстеріне шектеуді қарастырып жатыр. 
Біз қайтадан коронавируспен күрес жөніндегі комиссияны құрамыз. Енді Бен-Гурион әуежайында жүргендердің барлығы маска тағуға міндетті. Бірі қалмай осы ережеге бағынуы керек. Израильге кіретіндердің барығы ПТР-тест тапсыруы қажет. Шетелге мүмкіндігінше шықпаған жөн. Асып бара жатқан қажеттілік болмаса, ел ішінде саяхаттаңыз. Израильде демалатын орындар жетеді, – дейді Израиль Премьер-министрі Нафтали Беннет.
Осы ретте шетелден қайтқанда карантиндік талаптарды бұзғаны үшін не «қызыл тізімге» кіретін мемлекетке рұқсатсыз барғаны үшін ірі айыппұл қарастырылған. Оның мөлшері – 1200 еуро. Өйткені жуырда АҚШ-та тұратын діндар еврейлердің Израильге тойға келгені белгілі болды. Бірақ құжатта олар оқуға келгенін көрсеткен.
Қазір полиция осы оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ал қарулы күштерде төтенше штаб жұмысын жандандырды. Осылайша бертінде ғана коронавирусты жеңіп шықтық деген мемлекет қайтадан пандемиямен күреске дайындалып жатыр.

sn.kz


24 маусым 2021 ж. 349 0