Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пневмония мен COVID-19 жұқтырған дәрігерлерге өтемақы төленбейтін болды

Пневмония мен COVID-19 жұқтырған дәрігерлерге өтемақы төленбейтін болды

Бұл өтемақы тек қатаң карантиндік шектеулер кезінде ғана беріледі деген жоспар болған. Себебі науқастар көп болды. Қазір қатаң карантин жоқ, деді вице-министр. Коронавирус және пневмония жұқтырған және қайтыс болған медицина қызметкерлеріне бір реттік өтемақы төленбейтін болды. Бұл туралы денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.
"Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 20 қазанда осындай шешім қабылдады. Қазір науқастардың саны азайды, эпидемиологиялық жағдай да жақсарды. Вирусты жұқтыру қаупі төмендеді. Осы уақытқа дейін біраз шаралар атқарылды. Жеке қорғаныс құралдары да жеткілікті. Сондықтан медицина қызметкерлерінің коронавирусты жұқтыруына жол берілмеуі керек", - деді Шоранов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 
Енді қызметкер жұмыста вирус жұқтырса, медициналық мекеме (кәсіподақ) және жергілікті атқарушы орган тарапынан көмек көрсетіледі. 
Шорановтың айтуынша, қазан айына дейін коронавирус жұқтырған 9 309 медицина қызметкеріне бір реттік өтемақы толығымен төленеді. Одан кейін ондай өтемақылар берілмейді. 
"Негізі, бұл өтемақы тек қатаң карантиндік шектеулер кезінде ғана беріледі деген жоспар болған. Себебі науқастар көп болды. Қазір қатаң карантин жоқ. Стационарларда науқастар көп емес. Дәрігерлер арасында вирус жұқтыру жағдайлары да жоқ деуге болады. Сосын медицина қызметкерлері біраз тәжірибе жинап алды. Сондықтан коронавирусты жұқтырғаны үшін өтемақыны тоқтатуға шешім қабылданды", - деп атап көрсетті Шоранов. 
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі бір реттік өтемақының екі түрін бекіткен болатын. Олар:
  • коронавирус инфекциясын немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 миллион теңге;
  • коронавирус инфекциясынан немесе вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда туыстарына – 10 миллион теңге төленді.
Осы орайда вице-министр бір реттік өтемақы тоқтатылса да, коронавирусты жұқтыру қаупі үшін жалақыға қосылатын үстемеақы төлене беретінін жеткізді.
sputnik.kz
21 қазан 2020 ж. 567 0