Қытайдағы Хуаси қаласы несімен ерекше?
Құдай нысап беріп, басшылар мүмкіндік жасаса, іскер де белсенді бір-ақ адам ауыл, қала, мемлекет үшін қыруар тірлікті бітіріп тастай алады екен. Қытайлық У Женьбао деген азаматтың атқарған шаруасы осыған куә.
Бүгінде Қытайдың Цзяньсу провинциясында әлем жұртшылығын таңғалдырып отырған Хуаси деген қалашық бар. Хуаси Қытайдың алып қалаларының бірі – Шанхайдан 130 шақырым қашықта орналасқан. Кезінде ол аумақта кедей ауыл болған, жалпы саны 600-ге де жетпейтін адамдар тұрыпты, олар ауыл шаруашылығымен айналысқан. Әлгі У Женьбао деген азамат сол шаруалардың арасынан шыққан. Көзі ашық, белсенді, іскер болғандықтан ол ауылдық партия комитетінің хатшысы болып сайланған екен. У Женьбао ауылдың ахуалын жақсарту мақсатында жобалар жасап, басшылыққа көрсеткен, басшылар оны қолдаған, ойға алғанын іске асыруына ерік берген, тиісті көмек көрсеткен.
Бұл 1960 жылдардың шамасы болса керек. Артта қалған Қытайдың біртіндеп еңсесін тіктеп жатқан шағы. Содан У Женьбао әлгі ауылды дамытуға белсене кірісіп кетеді. Ол алдымен тоқыма зауытын салады, сосын төңіректегі 20 ауылдың жерлері сатып алынады. Бірте-бірте ауыл территориясы 35 шаршы шақырым аумаққа дейін үлкейеді. Кейін Хуасиде тоқыма, металлургия, химия саласында өнім шығаратын басқа да зауыт-фабрикалар бой көтеріп, аумақ ауыл шаруашылығымен қоса өнеркәсіпті де дамытады. Соның арқасында арада бірнеше жыл өткесін Хуаси Қытайдағы №1 ауылға айналған. Бүгінде ол тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жөнінен Қытайдағы барлық қалалардан да озып тұр. Қазіргі күндері Хуаси өнімдері Жапония мен АҚШ-ты қоса алғанда 40-тан аса шет елдерге экспортқа шығарылуда екен.
Бүгінде Хуасиде 35 мың адам тұрады. Онда ірілі-ұсақты 80 кәсіпорын бар. Хуаси тұрғындарының бәрі де миллионер, олардың әрқайсысы аумағы 400-600 шаршы метрді құрайтын екі қабатты коттедждерде тұрады, әрқайсысында кемінде бір қымбат автокөліктен бар. Одан бөлек, әр тұрғынның банк шотында орташа алғанда 250 мың доллардан ақша сақтаулы тұр. Өйткені оларға өздерінің кәсіпорындарда жұмыс істеп тапқан қаржысынан бөлек, отбасындағы кішкентай балаға дейін есептеліп, акциялары Шэньчжень қор биржасында сатылатын «Хуаси» кооперативінің кірісінен түсетін жылдық табыстың 20 пайызы теңдей бөлініп беріледі. Ал оның сомасы 500 мыңнан 1 миллион 500 мың долларға дейін жетеді екен. Сондай-ақ тұрғындарға жылына бір жолға берілетін «Өмір сүруге жәрдемақы» деп аталатын 500 доллар ақша мен 150 кило күріш тиесілі. Ал енді отбасында бір адам 100 жасқа дейін өмір сүрер болса, оларға қосымша 1500 доллар сыйақы беріледі. Хуасиде білім беру, медицина қызметтері баршаға тегін, кәмелетке толған әрбір азаматтың тегін баспана иеленуге құқы бар.
Хуаси тұрғындарының бәрі де жергілікті зауыт-фабрикаларда еңбек етеді, олардың айлық жалақыларының өзі мың долларлап саналады. Бір айта кетерлігі, оларда «сенбі-жексенбі – демалыс күні» деген жоқ. Сондықтан тұрғындардың бос уақытта серуен құрып, демалулары үшін Хуасиде «Әлем паркі» деп аталатын саябақ салынған. Онда Қытайдың өзінің «Ұлы Қытай қорғанынан» бастап, дүние жүзінің басқа да елдерінің ұлттық символы болып табылатын көптеген ғимараттардың аумай қалған көшірмелері орналастырылған.
Бүгінде 25 мың еңбек мигранттары да Хуаси кәсіпорындарында жұмыс істеп, айына 1 мыңнан 10 мың юаньға дейін табыс табады. Қалашық кереметтерін көріп, ондағы жұрттың тұрмыс-тіршілігімен танысу үшін оған жылына жүздеген мың, кей жылдары 2 миллионға дейін туристер барады. Туристерді тарта түсу мақсатында Хуасиде биіктігі 328 метрге жететін, 74 қабаттан тұратын алып ғимарат салынған. Оған жергілікті тұрғындардың әрқайсысы инвестиция құйған, бүгінде олар осыдан түскен табыстан да өз үлестерін алып отыр. Тұрғындар туристердің Хуасиді үстінен тамашалауы үшін 90 миллион юаньға 2 тікұшақ сатып алған, енді тағы да 3-еуін, оған қоса бірнеше шағын ұшақтар сатып алмақ ниетте.
Бұл ғимараттың 2-қабатында, мысалы, жалпы аумағы 2000 шаршы метрді қамтитын «бутиктер», 61-қабатында бассейндер, гүлдер, құстар бар. Оның 60-қабатындағы құны 47 миллион долларды құрайтын, салмағы 1 тонна тартатын алтын жалатылған алып өгіз ескерткіші де туристерді таңғалдырады. Ғимарат ішінде 5 жұлдызды мейманхана, мейрамхана, бизнес-орталық, түрлі бассейндер, алтын жалатылған субұрқақтар жұмыс істейді.
Жұрттың қолын осынша игіліктерге жеткізген У Женьбао Хуасидің экологиялық ахуалын да назарда ұстайды екен. Ол, мәселен, қыруар табыс әкеліп тұрған 3 химия зауытын жауып, оның орнына су тазартатын және басқа да кәсіпорындар салдырған. Хуасиді көгалдандырып-абаттандыруға да жылына миллиондаған доллар қаржы бағытталып тұрады.
…Қысқасы, қалауын тапқан жан Қытайдың бұл қалашығын бірнеше жылдың ішінде-ақ әлем жұрты қызығатындай дәрежеге жеткізіпті. Істеймін десе, мүмкіндік берілсе, адамның қолынан келмейтіні жоқ екен.
Т. ТҰРАН