Ұлыбританияда таныстырылады
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ұлыбританияның Кембридж университетінің Fitzwilliam музейінде «Ұлы дала алтыны» атты халықаралық көрме ашылмақшы.
Бұл шара 28 қыркүйек күні өтеді деп жоспарлануда. Көрменің мақсаты – халықаралық қауымдастықты Қазақстанның көп ғасырлық тарихы мен бай мәдениеті, республика ғалымдарының ғылыми ізденістерінің жаңа нәтижелерімен таныстыруға мүмкіндік беру.
Осы орайда, ағылшындық көрермендерге Қазақстан археологиясының зор жетістігі Gold of Kazakhstan экспозициясы көрсетіледі. Мұнда Берел қорғандарынан табылған сүйек, киіз және матадан жасалған жылқы әбзелдері көрермен назарына ұсынылады.
«Танымал археолог Зейнолла Самашев 1998 жылы қорғанның «Патшалық оба» кезеңін зерттеу барысында №11 нысаннан алтынмен апталған 13 тұлпар мен сол заманның көсемі – бекзада мен әйелдің сүйегін тапқан болатын. «Берел жылқылары» деген атаумен белгілі бұл жануарлар тарихымыздың жауһар бірегей жәдігеріне айналған. Сондай-ақ ерекше құрылым мен жерлеу рәсімі №36 обада тіркелген болатын. Басқа жерде кездеспейтін сүйектен жасалған бұлан сипатты жылқы әшекейі. Бұл әшекейдің құндылығы да алтынмен бірдей. Мұндай үлгілер Алтай өңірінің басқа жерлерінде кездеспейді», дейді «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Алмас Сарбасов.
egemen.kz