Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қой шаруашылығын дамыту қаперде

Қой шаруашылығын дамыту қаперде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ ол толық көлемде пайдаланылмайды» деген болатын. Осы орайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған «Қазақстанның қой шаруашылығы: өткені, бүгіні және келешегі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өткізілген еді.
Конференция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласынан туындайтын негізгі міндеттерді жүзеге асыру бүгінгі күннің басты бағыттарының бірі болмақ. Әр салада болатын ауқымды бастамалар мен нәтижелі жетістіктердің артында еселі еңбек пен бес батпан бейнеттің тұрғаны түсінікті. Сондай бейнеттің бел ортасында жүріп, даңқты шопан, дала академигіне айналған жандардың бірі де бірегейі – Жазылбек Қуанышбев еді.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы Арал ауданының негізгі тіршілік көзі екені айтпаса да түсінікті. Социалистік Еңбек Ері Ж.Қуанышбаевтың өмір жолы мен аталған саладағы тың тәжірибелері бүгінде осы салаға бетбұрыс жасаған шаруаларға ауадай қажет екені рас. Сол арқылы жастардың дүниетанымын қалыптастыру, «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын насихаттау, қазақстандық қой шаруашылығы саласындағы аграрлық білім мен ғылымның әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол болмақ.
Конференцияда малшылардың мереке күнін тағайындау туралы шешімнің орынды екендігі сөз болды. Бұл мал шаруашылығы саласы қызметкерлерінің беделін көтерері сөзсіз. Агроөнеркәсіптік кешеніне бәсекеге қабілетті, біліктілігі жоғары мамандар дайындау ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін халықаралық стандарттарға сәйкес ұлғайтуға мүмкіндік береді.
ҚР АШМ бизнеспен, ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, таяудағы 5 жылға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа Ұлттық жобасын әзірледі. Ұлттық жобада үздік әлемдік технологиялар трансферті, жаңа техника мен технологиялар сатып алуға жеңілдіктік кредиттер беру, фермерлерді жайылымдар мен қамтамасыз ету, халықаралық қаржы институттарынан қаражат тарту, шопандардың зейнет жасын төмендету, олардың балалары үшін мектеп-интернаттар салу, сондай-ақ қой шаруашылығымен айналысатын фермерлерді ынталандыру жөніндегі іс-шаралар көзделген. Бұл ауыл шаруашылығына көрсетілген қолдаудың айқын көрінісі болмақ.

А. КӨЛДЕЕВ, Б. АЙТЖАНОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университет профессорлары
25 мамыр 2021 ж. 835 0