Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Глазгода Орта Азия павильоны ашылды

Глазгода Орта Азия павильоны ашылды

2021 жылғы 1 қарашада Глазго қаласында Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ негіздемелік конвенциясы тараптарының 26-шы конференциясында Орталық Азия павильонының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық тараптан Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы директорлар кеңесінің төрағасы Данияр Еренчинов құттықтау сөз сөйледі, ол климат және төмен көміртекті даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығына тоқталды.

«Бүгін Глазгода Орталық Азия елдерінің ортақ үйі ашылды. Бұл үйде біз бүгін жаһандық климаттық конференция аясында бүкіл әлемге өзіміздің климаттық күн тәртібіміз және елдеріміздің бірыңғай ұстанымы туралы айтып беру үшін жиналып отырмыз. Сондай-ақ, бұл біздің өңірдегі көрші елдер арасында озық тәжірибе алмасу алаңына айналмақ», деп нақтылады Еренчинов.
Орталық Азия елдері үшін алдағы конференция тарихи із қалдырмақ, себебі олар алғаш рет бірыңғай шоғырландырылған өңірлік мәлімдемемен сөз сөйлейді. Негізгі хабар Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтеріне өңірдегі климаттық дағдарыстың алдын алу жөніндегі ұлттық және өңірлік бағдарламаларды күшейтуге шақырудан тұрады.
Еске сала кетсек, Глазгода өтіп жатқан климаттың өзгеруі жөніндегі 26-шы конференция әлемдік ауқымдағы ең маңызды оқиға болып табылады, оның жұмысына әлемнің 100-ден астам мемлекет және үкімет басшылары қатысады.
02 қараша 2021 ж. 1 333 0