Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бес қазақстандық жартылай финалда

Бес қазақстандық жартылай финалда

Сербияның астанасы Белград қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионаты мәресіне жетуге жақындады. Бүгін, 4 қарашада жаһандағы жанкүйерлер жартылай финалға көз тігеді. Қазақстандық спортсүйер қауым шаршы алаң төрінде шеберлігімен тәнті еткен бес оғланға тілеулес болады.
Айта кетерлігі, биылғы дүбірлі додада біздің былғары қолғап шеберлеріміз жақсы ойын өрнегін көрсетуде. Еліміздің білікті бапкерлері әбден сыннан өткен 13 шәкіртін құрамаға қосып, Белградқа бет түзеді. Еліміздің бас командасы сапына негізінен жастар тартылды. Байқағанымыз, мұндай додаға алғаш рет қатысқанына қарамастан саңлақтарымыз жарыстың екі-үш сатысына дейін ешбір сыр берген жоқ. Ел құрамасында барлығы 13 боксшы барса, солардың 10-ы ширек финалға өткенінің өзі осы сөзімізге нақты дәлел. Тіпті, олардың басым бөлігі жартылай финалға шығатын ба еді? Төрешілер кейбір жекпе-жекте бұра тартқанын көз көрді. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда шеберлігін танытса да, жеңісті қарсыласына беріп қойды. Осылайша кейбір боксшыларымыз қиянат көрді деуге негіз бар.
Ел құрамасынан негізінен жеңіл салмақтағы боксшылар жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Атап айтқанда,  Теміртас Жүсіпов (48 келі) өзбекстандық Нодиржон Мирзахмедовті, Махмуд Сабырхан (54 келі) бразилиялық Майкл Тринидадты, Абылайхан Жүсіпов (67 келі) моңғолиялық Чинзориг Баатарсухты сүріндірді. Сондай-ақ, Сәкен Бибосынов (51 келі) ширек финалда колумбиялық Юберхен Мартинесті, Серік Теміржанов (57 келі) ресейлік Эдуард Саввинді қапы қалдырып кетті.
Қазақстан құрамасы Ресей және Кубамен шамалас тұр. Аталған елдерден де бес-бестен боксшы жартылай финалға жетті.Сондай-ақ, жартылай финалда АҚШ пен Таиландта – төрт, Әзербайжан мен Францияда – үш, Өзбекстан, Жапония, Грузия, Беларусь пен Италияда екі былғары қолғап шебері финалға шығуға таласады. Ал Үндістан, Испания, Сербия, Албания, Украина, Шотландия, Иран, Доминикан Республикасы, Бельгия, Тринидад және Тобаго, Бразилия мен Армениядан бір-бірден боксшы бар.
Өкініштісі, ширек финалда Нұрбек Оралбай (80 келі), Санатали Төлтаев (63,5 келі) Асланбек Шымбергенов (71 келі) қарсыластарымен жақсы жұдырықтасты. Десе де, төрешілер олардың жеңілгенін көрсетті. Айта кетсек, олардан басқа сол күні Саматәли Төлтаев (60 келі) пен Нұрқанат Райыс (75 келі) жартылай финалдан тыс қалды. Ал жарыстың бұған дейінгі сатыларында Бек Нұрмағамбет (86 келі), Айбек Оралбай (92 келі) мен Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) қарсыластарына жол берді.
Биыл Әлем чемпионатында 41 елден 219 былғары қолғап шебері бақ сынауға келді. Олардың арасынан 14 мемлекет жүлделі орындарға таласуға мүмкіндік алды.
Жартылай финал бүгін өтеді. Әлем чемпионаты 6 қарашада мәресіне жетеді.

syrboyi.kz
04 қараша 2021 ж. 1 699 0