Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресейде коронавирустан өлім саны көбейді

Ресейде коронавирустан өлім саны көбейді

Ресейде бір тәулікте коронавирустан 1 195 адам өлімі тіркелді. Бұл – жаңа әрі ең жоғары көрсеткіш. Бір күн бұрын (2 қараша) 1 189 адам қайтыс болса, келесі күні өлім саны 1 195 адамға жеткен. Бұл туралы бейсенбіде журналистерге инфекциямен күресу жөніндегі федералды жедел штаб хабарлады.

Атап айтқанда, бір күнде Санкт-Петербургте – 75, Мәскеу облысында – 52, Краснодар өлкесінде – 45, Нижний Новгород облысында – 40, Пермь аймағында 39 өлім тіркелді.

Елде жағдай тұрақталғанымен, қалыптасқан ахуал әлі де күрделі. Ең көп вирус жұқтырған­дар ел астанасы Мәскеуде анықталған.

Осыған дейін Ресей президенті Владимир Путин коронавирусқа байланысты елде 30 қазаннан 7 қарашаға дейін жалақыны сақтай отырып, демалыс күндерін жариялаған. Бұл ретте өңірлер қажет болған жағдайда 23 қазаннан бастап демалыс енгізуге мүмкіндік алды, сондай-ақ оны 7 қарашадан кейін де ұзарта алады. Мәскеу билігі 28 қазаннан 7 қарашаға дейін қалада жұмыссыз күндерді енгізу туралы шешім қабылдады.

Ал вакциналау науқаны Ресейде қаңтар айынан бастап жүріп жатыр. Елде коронавирусқа қарсы бес вакцина тіркелген: Ресей Федерациясында және әлемде алғашқы COVID-19 вакцинасы болған «Спутник V», сондай-ақ «Спутник Лайт», «ЭпиВакКорона», «ЭпиВакКорона-Н» және «КовиВак».

Сондай-ақ білім саласында да қашықтан оқуға рұқсат беріліп отыр. Ресейлік жоғары оқу орындары қашықтан оқыту форматын 8 қарашадан кейін ұзарта алады. Бұл шара адамдар арасындағы байланысты азайтуға және коронавирустық инфекцияның таралуын бәсеңдетуге арналған. Сонымен бірге Ресейдің тағы бірнеше аймағы пандемияға байланысты енгізілген шектеу шараларын қатайту туралы шешім қабылдады.

Ресей Федерациясында жұмыс емес күндер режімін 15 қарашаға дейін ұзарту туралы бірінші болып Новгород облысының билігі мәлімдеген.

egemen.kz
05 қараша 2021 ж. 1 434 0