Коронавирус: Оңтүстік Кореяда тәуліктік антирекорд тіркелді
Корея Республикасында 22 желтоқсан күні коронавирусқа шалдыққан 109 адам қайтыс болды, бұл – ең жоғары тәуліктік көрсеткіш, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы YONHAP агенттігі мәлім етті.
Кореяның Ауруларды бақылау және алдын алу агенттігінің (KDCA) деректері бойынша, елде тағы 6 919 вирус жұқтыру жағдайы (6 856-сы – жергілікті) тіркеліп, вирус жұқтырғандар саны 589 978-ге жетті.
Сейсенбі күні көрсеткіш 5 202 болған, ал сәрсенбі күні 7 456 жұқтыру жағдайы тіркелген. Бейсенбі күні жұқтыру жағдайы азайды. Қарашаның соңынан бастап 4-7 мың жұқтыру жағдайы тіркеліп отырған.
KDCA хабарлауынша, 1 083 науқастың жағдайы ауыр, оның алдындағы рекорд сәрсенбі күнгі 1 063 болған. Елде бір тәуліктің ішінде 109 адам вирустан көз жұмды, салдарынан өлім саны 5 015-ке жетті. Осылайша, Оңтүстік Кореяда өлім үлесі 0,85% болып отыр.