Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Анталияда 29 жылдан бері алғаш рет қар жауды

Анталияда 29 жылдан бері алғаш рет қар жауды

Түркияның оңтүстігінде, Анталияның орталығында 29 жылдан бері алғаш рет қар жауды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

21 қаңтардан бастап Түркияның солтүстік-батысында боран соғып, қар жауған. Қолайсыз ауа райынан Ыстамбұл қаласы көп зардап шеккен. Мұнда жергілікті үкімет сейсенбі күні тұрғындарға 13:00-ге дейін жеке көлікпен қатынауға тыйым салды. Сонымен қатар әуежайда барлық бағыттағы рейстер тоқтатылды.

Мәрмәр теңізінің бірнеше ауданында жауған қар көлемі 50-60 сантиметрге жеткен. Сондай-ақ елдің оңтүстігі мен орталығында да қар жауған.

Анталияда қар түнгі сағат 03:00 шамасында жауған. Қарды тамашалау үшін қала тұрғындары түнді ұйқысыз өткізіп, орталыққа жиналған.

Жазда Анталияда ауа температурасы рекордтық деңгейге дейін көтеріліп, өткен аптадан бастап күрт төмендей бастаған.
Соңғы рет Анталия қаласында қар 1993 жылы жауған және көлемі 5 сантиметр болған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазгидромет мамандары 2021 жылдың желтоқсанында соңғы 30 жылдағы ең жоғарғы температура тіркелгенін хабарлаған еді.
26 қаңтар 2022 ж. 978 0