Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » НАТО-ның кезектен тыс саммиті басталды

НАТО-ның кезектен тыс саммиті басталды

Брюссельде НАТО-ның кезектен тыс саммиті өз жұмысын бастады. Жиынға ұйымға мүше мемлекеттердің президенттері мен үкіметтер басшылары қатысып жатыр. Саммиттің басты тақырыбы Украинадағы жағдайға арналған.

Саммитте НАТО-ның Шығыс Еуропа­дағы ұзақ мерзімді ұстанымы бағаланады. Сәрсенбіден бастап Брюссельде мемлекет және үкімет басшылары екіжақты кездесулер өткізді. Саммиттен кейін де НАТО штаб-пәтерінде екіжақты кездесулер жалғаспақ.

Саммит басталмас бұрын НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг жиында Украинаға қатысты шешімдер қабылданатынын, сондай-ақ альянстың тежеу күшін арттыру шаралары келісілетінін айтқан-ды.

«Біз бұл дағдарысты бірге шешеміз. Украинаға, НАТО-ға және бүкіл халық­аралық ережелерге төнген қауіппен күре­семіз. Мем­ле­кеттер басшылары Украинаға қолдау көр­сету мәселесін талқылайды. Одақ Украи­наға бірнеше жылдан бері қол­дау көрсетіп келеді. Біз Украинаның өзін-өзі қор­ғау құқығын сақтауына көмек­тесу мақсат­ында әскери, қаржылық және гумани­тар­лық қолдау көрсетуді күшейттік», деді Й.Стол­тенберг.

Сондай-ақ ол Болгария, Румыния, Мажарстан және Словакияда альянстың әскері көбірек орналасатынын да атап өтті. Осыған байланысты қорғаныс саласына көбірек инвестиция жасалатынын жеткізді.

Саммит ашылғаннан кейін НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг сөз сөйлеп, жиынның қауіпсіздік мақсатында өтіп отыр­ғанын хабарлады. Сонымен қатар Кремльдің негізсіз агрессиясын айыптайтынын жеткізді.

«Біз Украинаның егемендігі мен аумақ­тық тұтастығын қолдаймыз. Осы сұрапыл атысты аяқтау үшін Ресейге шығын кел­тіру іс-қимылын жалғастырамыз. Ук­раин халқының және Украина қару­лы күштерінің өз құқықтары мен бостан­дық­тары үшін күресу жолындағы асқан ерлігіне құрмет көр­сетеміз. Сондай-ақ Ресейде әскери қақтығысқа қарсы батыл пікір білдіргендерді қолдаймыз. Олардың дауысын естиміз. Бұл – өте маңызды», деді Йенс Столтенберг.

Жиын барысында Украина президенті Володимир Зеленский бейне-үндеу жария­лады. Онда В.Зеленский НАТО елдеріне ре­нішін жеткізіп, елдің әуе кеңістігін жаба алмағанына наразылығын білдірді. Соны­мен қатар Украина президенті НАТО-дан ұшақтар мен танктер беруді сұрады.

egemen.kz
25 наурыз 2022 ж. 688 0