Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз үшін ораза баяғыда басталып кеткен – Ауғанстан халқы

Біз үшін ораза баяғыда басталып кеткен – Ауғанстан халқы

Олар басқалар секілді күніне 3-4 рет емес, бір уақыт қана тамақтанады. Өйткені елдегі жағдай күрделі. Былтыр билік басына тәлібтер келгелі халықаралық көмек айтарлықтай азайған, деп хабарлайды «Хабар 24». Орталық банктің активтері бұғатталды. Халықаралық еңбек ұйымы дерегіне сәйкес, билік ауысқалы жарты миллионнан аса адам жұмыссыз қалған.
– Былтыр Ораза кезінде менің жұмыс істеп, нәпақа табатын мүмкіндігім болған. Сол азын-аулақ ақшаға керек тамағымды алатын едім. Биылғы Рамазан айы кезінде жағдайымыз тіптен қиын. Өйткені бұл жолы ондай мүмкіндік жоқ.
– Негізі елдегі жағдай жаңалықтарда көрсетіп жатқандай емес. Әлдеқайда қиын. Ең қажет тауарын сатып ала алмай жүрген тұрғын көп. Олар өлместің күнін кешіп жүр.
Пәкістан – мұсылмандар саны бойынша Индонезиядан кейін әлемде екінші орында тұрған ел. Сол себепті әдетте Рамазан айы қарсаңында базарда азық-түлік сатып алуға келгендер қарасы қалың болатын. Алайда сатушылар биыл адам аз екен.
Оған инфляцияның шарықтап кетуі себеп. Кейінгі уақытта Украинадағы шиеленіске байланысты энергия тасымалдау бағасы қымбаттап, ол басқа тауар құнының өсуіне әкелді. Ресми мәлімет бойынша, ақпанда инфляция деңгейі 13 проценттен асып кеткен. Бұл кейінгі 2 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш. Алайда сарапшылар инфляция деңгейі әлдеқайда жоғары болуы мүмкін дейді. Билік Рамазан айында кейбір азық-түлік бағаларын көтеруге тыйым салған. Алайда тұрғындар ол ережеге бағынып жатқандар шамалы дейді.  – Сүт, йогурт, қант, бәрі қымбаттап кетті. Билік бағаны бір көтереді. Кәсіпкерлер тағы қосады. Дүкен иелері ойына келген бағаны қояды. Билік неге осыны қадағаламайды?"
– Былтырмен салыстырғанда, құрманың құны 20-25 процентке өсті. Бұл 3-4 бала тәрбиелеп отырған отбасы үшін қолжетімді баға деп айтуға келмейді. Нанбасаңыздар, базарға барыңыздар. Кісі аз. Өйткені жұртта сауда жасайтын ақша жоқ.
Ливан халқы да Рамазан алдындағы жағдай қиын екенін айтып шағымданып жатыр. Бірақ мұндай ахуал тек биыл ғана емес, бірнеше жыл бойы қайталанып келеді. Экономикалық дағдарыс салдарынан сұйық май мен ұн секілді ең қажет азық-түлік бағасы шарықтап кеткен. 2020 жылы Бейрут кемежайындағы жарылыстан кейін астық қорының көбі күл-талқан болды. Енді билік қор 6 аптаға ғана жетеді дейді. Бірер күн бұрын ірі дүкендерде ұн таусылған. Кейбір тұрғындар оны қара нарықтан сатып алуға мәжбүр болғандарын айтады.

02 сәуір 2022 ж. 549 0