Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Айшани – Дубайда бас жүлдені жеңіп алды

Айшани – Дубайда бас жүлдені жеңіп алды

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айшани Даттатрея Дубайда өткен халықаралық музыка және би байқау-фестивалінде бірінші орынды жеңіп алды.

Таяу Шығыстың ең жарқын мегаполисінде Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Кувета, Үндістан және басқа елдердің шығармашылық ұжымдары мен солистері бас қосты.

«Вокалдық өнер» номинациясында Айшанимен бірге 50 өнерлі жас жүлделі орындарға таласты. Сырбойылық ару танымал «Голос. Дети» шоуының жеңімпазы Алиса Кожикина мен американдық әнші Адам Ламберттің репертуарындағы әндерді шырқады.
Музыка және би өнерінің кәсіби мамандарынан құралған әділ-қазылар Айшанидің талантына тәнті болып, бірінші орынға лайықты деп таныды.

Қазақ жерінде туып өскен үнді қызы қазақ әндерін ерекше жақсы көреді. Әсіресе ұлы Абайдың өлеңдеріне жазылған музыкалық әуендерді сүйсініп шырқайды.
– Менің музыка әлеміне деген қызығушылығым ерекше. Көп жағдайда орыс, украин, ағылшын, француз, хинди және қазақ тіліндегі әндерді орындаймын. Ең ұнайтыны – қазақ халқының композициялары. Олар өте әуенді және терең мағынасы бар. Жақсы істерге, өмірге қуануға және бір-бірімізді сыйлауға шақырады. Сырға толы бұл әуендер өте бай және әдемі.

syrboyi.kz
03 сәуір 2022 ж. 538 0