Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қабығымен жеуге болатын банан өсірілді

Қабығымен жеуге болатын банан өсірілді

Жапонияның D&T Farm фирмасы қабығымен бірге жеуге болатын ерекше банан өсіруді бастады. Мұндай жоба аталмыш компания қызметкері Сецузо Танакидің ермегінен бастау алады. Қазіргі уақытта толыққанды бизнеске, табыс көзіне айналды. Кәдімгі біз тұтынып жүрген бананнан дәмдірек, ал қабығы салат жапырағына ұқсайды. Бұл жайында NY Post ақпарат көзі хабар таратты. Бананның бұл жаңа сортына «Монгей» («Таңқаларлық») деген атау берілді. Өзгеше тұқымды минус 60 градуста отырғызады, содан соң жібітіп, басқа топыраққа егеді. Осыдан кейін 26,5 градус температурада кәдімгі банан секілді өсіреді. Мұндай түрлі температура мен топырақты ауыстырудан банан шапшаң өседі әрі қабығы барынша жұқарады. Оның жеп көргендер қабығының сезілмейтінін алға тартып отыр. Қазіргі уақытта мұндай ерекше жеміс Окаяма қаласындағы бір ғана дүкенде сатылады. Бір талы – 6 доллар. Алдағы уақытта D&T Farm өкілдері өндірісті ұлғайтып, шетелге экспорттауды жоспарлап отыр.
28 қаңтар 2018 ж. 1 433 0