Өзбекстанда президент өкілеттігі ұзартылады

Өзбекстанның бас газеті саналатын «Халық сөзінің» 2022 жылғы 25 маусымдағы №133 нөмірінде «Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Өзбекстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы жалпыхалықтық талқылауға шығарылды.
Елдің қазіргі Конституциясының 90-бабына сәйкес, президенттің өкілеттік мерзімі 5 жыл. Әрі бір адам 2 реттен артық бұл лауазымға сайлана алмайды. Референдумда талқыға ұсынылған заң жобасы қабылданса, президенттің мерзімі 7 жылға ұзартылады.
Атап айтқанда, «90-баптың екінші бөлігіндегі «бес» деген сөз «жеті» деген сөзбен ауыстырылсын», делінген құжатта.
Елдің қазіргі Конституциясы 128 баптан тұрады. Референдумға ұсынылған заң жобасы бойынша соның 64-іне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, 6 жаңа бап қосылмақ.
«Парламент әзірлеген жобаны жалпыхалықтық талқылауда қарастырып, оны референдум арқылы қабылдауды ұсынамын», деген еді Шавкат Мирзиеев.