Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Люксембург Парламентінің Спикері Қазақстандағы реформаларға оң баға берді

Люксембург Парламентінің Спикері Қазақстандағы реформаларға оң баға берді

Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан Люксембург Парламентінің Төрағасы, Ұлы Герцогтігінің Депутаттар палатасындағы «Люксембург-Қазақстан» достық тобының жетекшісі Фернан Этгенмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қос тарап Қазақстан мен Люксембург арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығының нышандығын атап өтіп, саяси және экономикалық ынтымақтастық одан әрі нығая беретініне сенім білдірді. Кездесуде екі елдің энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы, сондай-ақ парламентаралық диалогты, оның ішінде Қазақстан мен Люксембург парламентшілерінің екіжақты сапарларын ұйымдастыруды жандандыру мәселесі талқыланды.

Қазақстандық дипломат Парламент Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев бастаған саяси реформалармен, «Жаңа Қазақстанның» әлеуметтік-экономикалық дамуымен, сондай-ақ демократия, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам институттары қағидаттарын нығайтуға бағытталған жалпыхалықтық референдум нәтижелерімен таныстырды.

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара тауар айналымының айтарлықтай өскенін, оның қазірдің өзінде 20 миллиард АҚШ долларынан (өсім 51,2%) асып кеткенін атап өткен М. Баймұхан саясаткердің назарын Қазақстанның экспорттық және көліктік-транзиттік мүмкіндіктеріне аударды.

Қазақстандық дипломат еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге баса назар аударып отырғанын атап өтті, сондай-ақ Қазақстан Орталық Азиядағы ірі экономика бола отырып, инвестициялық ахуалды жақсартуға және инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Сондай-ақ қазақстандық дипломат Люксембург парламентшіге Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Шолпан-Атада өткен IV Консультативтік кездесуінің қорытындылары мен аймақ елдерінің Президенттері қабылдаған Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамыту жөніндегі достық, тату көршілік және ынтымақтастық бойынша шарт туралы айтты.

Фернан Этген өз кезегінде Қазақстандағы саяси қайта құрулар қазақстандық демократиялық институттардың дамуының белсенді кезеңін көрсететінін атап өтіп,еліміздің экономикалық жетістіктері мен экономикасын әртараптандырудың артып келе жатқаны еліміздің жоғары әлеуетін ашып көрсететінін айтты.

Парламентарий Қазақстан мен Люксембургтің әлемдік аренада өзара мүдделері зор екенін атап өтіп, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Тараптар алдағы екіжақты іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында тұрақты байланыста болуға келісті. Қазақстандық дипломат Ф.Этгенге ҚР Парламенті Мәжілісінің Қазақстанға келуге шақыруын тағы да растады. Ал Люксембург парламентінің төрағасы қазақстандық әріптестерімен Люксембургте кездесуге дайын екенін жеткізді.
24 шілде 2022 ж. 575 0