Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Колумбия үлкен өзгеріс қарсаңында тұр

Колумбия үлкен өзгеріс қарсаңында тұр

Биыл аталған елде парламенттік, кейіннен президенттік сайлау өткен еді. Соның нәтижесінде билік тізгіні солшыл бағыттағы саясаткерлердің қолына тиді. Жергілікті халық талай жылға созылған кедейшіліктен, қарулы қақтығыстан біржола құтылатынынан үмітті.

Маусым айында елде пре­зи­денттік сайлау өткені бел­гілі. 2018 жылы мемлекет тіз­гінін ұстаған Иван Дуке конс­ти­туцияға сай бір мерзімнен артық президенттік лауазымды иелене алмайтынына байланысты саяси бәсекеге қатысқан жоқ. Дауыс беру қорытындысы бо­йынша Густаво Петро мемлекет тіз­гінін қолына ұстады.

Айта кетерлігі, бірінші раундта бірден-бір үміткер 50 пайыздық межеден аса алмады. Г.Петро халықтың 40,34 па­йызының қол­дауына ие болса, бұған дейін Бука­раманга өңірінің мэрі бол­ған Родольфо Эрнандес 27,17 пайыз дауыс жинады. Екінші тур­да халықтың 50,42 пайызы Густаво Петроны қолдады.

Жалпы, Колумбия конституциясына сәйкес президент екі кезеңдік жүйе арқылы төрт жыл­дық мерзімге сайланады. Егер бірінші турда бірде-бір кандидат 50 пайыздық межеден аса алмаса, екінші турда ең көп қолдауға ие болған екі кандидат сынға түседі. Сондай-ақ вице-президент бірге сайланады. Мемлекет басшысы бір рет қана бұл лауа­зымды атқара алады. Сондай-ақ дауыс беру қорытындысы бойынша екінші орын иеленген үміткерге Сенаттан депутаттық мандат бе­ріліп, оның ұсынған вице-прези­денттікке үміткері Өкілдер палатасының депутаты атанады.

Биылғы сайлауға 8 үміт­кер қатысты. Дегенмен сайлауалды сауалдамалар Гус­таво Петроның шоқтығы бас­қа­лар­дан биік екенін көрсеткен-ді. Мәселен, наурыз айында оны қолдайтындар 32 пайыз кө­лемінде болса, дауыс беру қар­саңында 40 пайызға жетті. Айта кетерлігі, бірінші тур қорытындысы бойынша оған елдің шеткері аймақтары, ал Р.Эрнандеске ішкі бөліктегі облыс­тар дауыс берген екен.

Г.Петроның өмірбаянына көз жүгіртсеңіз, жастайынан сая­си өмірге белсене аралас­қа­нын көруге болады. Ол 17 жасында 19th of April Movement пар­тизандық тобының қата­рына енген. Кейіннен топ M-19 Democratic Alliance атты пар­тияның құра­мына өтіп, саяси өмірге бел ше­шіп кіріскен. 1991 жылы Өкілдер пала­тасының мүшесі атанды. Alternative Democratic Pole (PDA) партиясы атынан Сенатқа да сайланды. 2010 жылы президенттікке үміткер ретінде тіркеліп, төр­тінші орынға тұрақтады.

Партия басшылығымен келіс­пеушілікке байланысты пар­тия қатарынан шығып, 2011 жылы Humane Colombia қоз­ғалысын ұйымдастырды. Сөйтіп, Богота қаласының мэрі болып сайланды. 2018 жылы да президенттікке таласып көрген. Бірақ бірінші турда екінші орын иеленгенімен, келесі кезеңде Иван Дукеге есе жіберді.

Сарапшылар Колумбияның жаңа президентінің көршілес елдерге қатысты пікірі сусы­малы екенін алға тартады. Г.Петро кезінде Уго Чавес пен Николас Мадуроны қатты қол­даған. Тіпті Чавесті Латын Аме­рикасындағы ұлы көсем деп сипаттады. Бірақ кейіннен пікірі өзгеріп, олардың билігі кезінде авторитарлық жүйе орнағанын сынға алды.

Десек те, сарапшылар сай­лау­да Г.Петроның жеңіске жетуін 2021 жылғы наразылық акцияларымен байланыстырады. Есте­ріңізде болса, Иван Дуке үкіметі ұсынған салықтардың өсуіне, сыбайлас жемқорлыққа және денсаулық сақтау реформасына қарсы халық көтерілген еді. Богота мен Кали секілді ірі қалаларда жүз мың­даған адам көшеге шығып, өз талап-тілек­терін жеткізді. Қарулы күш­тер мен халық арасында қақ­тығыс болып, 26 адам қаза тап­ты. Ақыры «халық қаласа, хан түйесін соя­ды» дегеннің кері келіп, И.Дуке жоспарынан бас тартты. Дегенмен тұрғындар ты­ныш­талған жоқ. Наразылық акция­лары бірнеше айға созылды.

Сондықтан шығар халық солшыл бағыттағы жаңа басшы Г.Петроны қызу қолдап отыр. Бұған дейін наурызда елде пар­ламенттік сайлау өткен-ді. Сол кезде де қоғамның өзгерісті қалайтыны анық байқалды. Г.Петроның Humane Colombia партиясы басқа да солшыл бағыт­тағы партиялармен коалиция құрып, саяси бәсекеде жеңіске жетті. Осылайша, Historic Pact коалиция­сы Сенатта 20 мандат (17 пайыз) және Өкілдер палатасында 28 мандат (17 пайыз) иеленді.

Енді, қызметіне жаңадан кіріскен Г.Петро жаңа салық ре­формасын ұсынып отыр. Со­нымен қатар елдегі ахуалды өзгер­тетін тың бағдарламалар мен ре­формалар пакетін ен­гізбек. Жаңа пре­зиденттің жос­парынан үміт күтетіндер көп. Мәселен, сарап­шылар Колум­бияның Рево­лю­циялық Қарулы Күштері (FARC) мен үкімет арасында 2016 жылы жасалған келісім ақыры орындалып, елде тыныштық орнайтынына сенеді.

Г.Петро министрлер кабине­тінің мүшелерін тағайындады. Сарапшылар оның саяси қар­сыластарымен тіл табысуы өз миссиясына адал екенін көрсе­теді деп есептейді. Густаво мырза инклюзивті қоғам құру­ды мақсат етіп отыр. Ол бітімгер­шілік келісімін толық орындауға уәде берді. Полицияны әске­ри бақылаудан шығаруға, Вене­суэламен қарым-қатынасты қал­­­пына келтіруге нық қадам жа­са­мақ. Қарулы топтармен келіс­сөздерді жаңарту да жос­парда бар. Кедей, жалғызбасты аналарға жәрдемақы тағайын­далып, кол­­леджде тегін оқу секілді әлеу­меттік бағдарламалар енгі­зілмек. Ең бастысы, мұнай экспорттаудан бас тартып, экономиканы әртараптандыруды көздейді.

Қазіргі таңда Г.Петроның үкі­меті әлеуметтік бағдар­ла­малар­мен айналысып, 10 пайызға жеткен инфляциямен күресуге тиіс. Әсіресе сарапшылар да, халық та жаңа салық реформасын мұқият қада­ғалап отыр. Жоспар бойын­ша, бай ко­лумбиялықтарға салынатын салық нәтижесінде шамамен бюджетке 5,75 млрд доллар түсуі керек.

Қорыта айтқанда, Колумбия үшін сын сағаты келіп тұр. Бір жағынан кедейшілік пен инфляция қысса, екінші жағынан бұрыннан келе жатқан қарулы топтарды тыныштандыру қажет. Бұл мәселені Г.Петро үкіметі қаншалықты шеше алатынын уақыт көрсетеді.

egemen.kz
10 тамыз 2022 ж. 509 0