Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » НАТО: Жаңа мүшелер анықталды

НАТО: Жаңа мүшелер анықталды

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс өзге елдердің саяси бағыт­тарына біршама өзгеріс енгізді. Бұл өзгеріс екі Скандинавия елінің сая­си ұстанымын да айналып өтпеді. Швеция мен Финляндия Ресейдің Украинаға 24 ақпанда басып кіруінен кейін ондаған жыл бойы ұстанып келген бейтарап саясатынан бас тартып, осы жылдың 18 мамырында НАТО-ға қосылуға ресми өтініш берді. Екі елдің мүшелігін қабылдауға қарсы болған Түркия мен Скандинавия елдерінің өкілдері келіссөздер негізінде ортақ пікірге келіп, үшжақты меморандумға қол қойылды.

28 маусымда өткен Мадрид саммитінде Түркия, Финляндия және Швеция қол қойған үшжақты меморандум аясында тұрақты бірлескен механизм құрылды. Өткен жұма күні оның алғашқы отырысы Финляндияның астанасы Хельсинкиде өтті.

Хельсинкиде өткен кездесуде Түркия, Швеция және Финляндия арасын­да екі елдің НАТО-ға мүше­лік үдерістері туралы үшжақты мемо­рандумға қол қойылды. НАТО Бас хат­шысы Йенс Столтенберг Түр­кия қолдауымен Финляндия мен Шве­­ция­ның НАТО-ға мүше болуға өті­ні­шін мақұлдайтынын тілге тиек етті.

НАТО саммиті аясында Түркия, Швеция және Финляндия арасындағы кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында Столтенберг «Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүшелігіне жол ашатын келісімге қол қойғанымызды қуана хабарлаймын. Мұндағы негізгі элементтердің бірі Түркия, Швеция және Финляндияның бірігіп, лаң­кестікпен күресте жақынырақ жұ­мыс істейтін механизм құру болды. Біз барлық одақтастың қауіп­сіздік мәселелерін ескеруіміз қажет. Әсіресе Түркияның терроризмге қатысты қауіпсіздік мәселелерін де назарға алуымыз керек», деді.

Екі Скандинавия елінің НАТО-ға мүшелігін бүгінге дейін 30 мүше елдің 23-і ресми қолдағанын айтып, «Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуына үлкен қол­дау бар. Біз ресми мәлімдеме жаса­маған елдермен мүмкіндігінше тезі­рек байланысып, табанды жұмыс­ты жалғастыратын боламыз», деді Столтенберг. Сондай-ақ Стол­тенбергтің айтуынша, «Үш ел Түркияның қауіпсіздікке қатыс­ты алаңдаушылығын ескере отырып, қару-жарақ экспорты мен лаң­кестікпен күресу туралы мемо­рандумға қол қойды», деді ол.

Кездесу барысында тұрақты бір­лескен үштіктің жұмыс қағи­даттары айқындалып, үшжақты меморандумда жазылған міндетте­мелердің орындалу барысы қаралып, алдағы уақытта атқарылатын нақты жұмыстарға тоқталды.

Үшжақты меморандумда Фин­лян­дия мен Швеция Түркияға терроризмнің барлық түрімен күресуде толық ынтымақтастық пен қолдау көрсетеді. Сонымен қатар Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне төнген барлық қауіпке, әсіресе PKK террор ұйымына қарсы бірге әре­кет ететін болады. Келісімде PYD/YPG және ФЕТО-ны қолдамау жө­нін­дегі міндеттемелер де қамтылған.

Кездесу барысында талқылан­ған мәселелер бойынша нақты нәтиже­лерге қол жеткізу үшін тараптар тиісті мекемелер арасын­дағы техникалық деңгейде ынтымақтас­тықты жандандыруға уағдаласты.

Финляндия сыртқы істер ми­нистрі Пекка Хаависто кездесудің нәти­желі болғанын білдіріп: «Бұл Мадрид саммитінен кейін­гі бірінші кездесу болды. Мен қатыс­падым, бірақ маған келіссөздер оң болғаны туралы хабарланды», деді. Ал Финляндия сыртқы істер министрлігінің тұрақты мем­ле­кеттік хатшысы Юкка Саловаара келісімде көрсетілген ынтымақ­тас­тық механизмін құру жұмысына дереу кіріскендерін алға тартып: «Түр­киямен көптеген мәселе бо­йынша ортақ пікірге келдік деп ойлаймыз», деді.

Швеция сыртқы істер ми­нистрлігі жасаған жазбаша мәлім­демесінде «Үш елдің өкілдері бүгінгі алғашқы ресми кездесуде Мадридте өткен НАТО саммитіне байланысты қол қойылған үшжақты келісімнің жүзеге асырылуын талқы­лады» деп жазды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Скандинавия ел­дерінің НАТО-ға мүше болуына тосқауыл қойған еді. Бұл шешіміне Финляндия мен Швецияның Анкара ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре­ді деп есептейтін топтарға, оның ішінде Күрдістан жұмысшы партиясы мен оның Сириядағы филиалына қатысты ұстанымы себеп болған еді.

egemen.kz
31 тамыз 2022 ж. 522 0