Канададағы құрғақшылықтан француздар зардап шегуде
Канададағы құрғақшылықтан Францияда қыша ас дәмдегішінің тапшылығы болуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews-ке сілтеме жасап.
Қыша өнімінің 80%-ы Бургундия астанасынан 7 мың шақырым жерде өсіріледі. Биылғы өнім аз шыққаны кесірінен базардағы баға шарықтап кетті. Жергілікті шаруалар қалыптасқан жағдайдан шығып, тапшылықтың қайталанбауы үшін егіс алқабын екі есеге ұлғайтуды көздеп отыр.
«Тауар тапшылығы әлі бірнеше апта немесе бірнеше ай бойы сезіледі. Жағдай қазан айынан бастап жақсара бастайды. Бұл кезде өсірушілер биылғы жылы Бургундияда өсірілген қыша тұқымын пайдалана алады», - деді Reine de Dijon компаниясының басқарушы директоры Люк Вандермаезен.
Өндірушінің айтуынша, қаңтарда канадалық импорт жетіспейтін өнім қорын толтыруы тиіс еді. Алайда Канадада өнімнің аз шығуына климаттың өзгеруі (қыстың ылғалды болуы мен көктемдегі аяз) және кейбір пестицидтерді қолдануға тыйым салу себеп болуда.