Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тапшылығы: Қызылорда облысында күріш егістігінің көлемі 5 мың гектарға қысқармақ

Су тапшылығы: Қызылорда облысында күріш егістігінің көлемі 5 мың гектарға қысқармақ

Биылғы жылы Қызылорда облысында күріш егістігінің көлемі 5 мың гектарға қысқармақ. Сырдариядағы су тапшылығы салдарынан осындай шешім қабылданды. Соңғы бірнеше жылдан бері өзендегі судың деңгейі төмен түсіп кеткендіктен, қарапайым шаруалар тығырыққа тіреліп отыр. Әсіресе, күріш егетін диқандарға қиын соғуда. Ал мамандар болса, алдағы маусымда да судың тапшы болатынын айтады, деп хабарлайды Stan.kz сайты. 
Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана арнасы тасып, толқыны тулап жататын Сырдарияның бүгінгі көрінісі көңіл көншітпейді. Қыстың күндері жауын-шашын мен мұздың қатуынан деңгейі артқанымен, жаздың күні су айдынының табаны көрініп тұрады. Әсіресе шіліңгір шілде мен тамылжыған тамызда су тапшылығы қатты сезіледі. Дәл осы уақытта күрішшілердің суға деген сұранысы ерекше арттыны айтпаса да түсінікті. 
Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мырзабай ауылының тұрғыны Сәкен Шағыртаев көп жылдан бері күріш егумен айналысады. Өзі басқарып отырған «Егінші» шаруа қожалығында 120 адам тұрақты еңбек етеді. Былтырғы жылы күрішшілер сы тапшылығын қатты сезінгенін айтады. Канал қазып, егістікке суды әрең жеткізген. 
«Былтыр біздің шаруашылық 1100 гектар жерге күріш екті. Әр гектарынан әрең дегенде 60 центнерден өнім алдық. Біздің күріштігіміз өзен жағалауына жақын. Соның арқасында электрлі мотор қолданған жоқпыз. Соның өзінді күрішті 90 күн бойы сумен қаматамасыз ету оңай болған жоқ», – дейді қызылордалық шаруа. 
Биыл Сәкен Шағыртаев бастаған күрішшілер егістік көлемін 300 гектарға қысқартуға мәжбүр. Қазір мамандар қажетті техникаларын сайлап, керек минералды тыңайтқыштар қорын жинақтап алған. Тұқым себу жұмыстарын асыға күтіп жүр. Күріштен бөдек, маусымдық жоңышқа егу жоспарда бар. 
«Мен көп жылдан бері күріш егумен айналысып келемін. Бірақ дәл мұндай су тапшылығы есімде жоқ десем болады. Көптеген диқаншылар өнімсіз қалды. Биыл да сусыз қалатын түріміз бар. Алдағы жағдай қандай болатыны белгісіз», – деп уайымын жасырмайды Сәкен Шағыртаев. 
Қызылорда қаласының тұрғыны Ардақ Өтеген – тәжірибелі бағбан. Азамат көп жыл отбасымен бірге қауын-қарбыз, картоп, асқабақ пен пияз егіп, бау-бақша өнімдерінен пайда тауып жүр. Алайда өткен жылы шаруа шаш-етектен шығынға батқанын айтады. Жаздың ортасында су болмай, егілген өнімдер қурап қалды. Сол себепті биыл Ардақ Өтеген тәуекелге бармайтынын айтады. Су болмаса, табыстың да болмайтыны анық. 
«Былтыр отбасым және туыстарыммен 5 гектар жерге өнім еккен едім. Қаражаттың біразы тұқымға кетті, одан қалды жанар-жағармай алуға да мәжбүр болдық. Еңбегіміз еш болды, төгілген маңдай тер ақталмады. Электрлі мотор қолдандық, бірақ каналда су мүлдем болмады. Сол себепті жұмысты тоқтатуға тура келді. Биыл егін екпейміз деп шештік», – дейді бағбан. 
Жалпы мамандар су тапшылығының бірнеше себебін атап отыр. Ең бірінші кезекте, халықаралық мәселені шешіп алу аса маңызды. Мұнан бөлек, табиғи құбылыс пен климаттың бұзылуы өзінің кері әсерін тигізуде. Сырдария өзені өзінің бастауын Тәжікстандағы таулардан алады. Соңғы бірнеше жылдан бері бұл аумақта жауын-шашын көлемі күрт азайып кеткен. Оның үстіне өзен Өзбекстан мен Қырғызстан территорияларынан өтеді. Көрші Түркістан облысының халқы да осы өзеннің суына мұқтаж. 
«Біздің облыс Сырдария өзенінің төменгі арнасында орналасқан. Үш мемлекет пен бір облыстан ауысқан суды пайдаланып отырмыз десек те болады. Өткен жылы біз шаруаларға күріштік көлемін азайту қажет екенін бірнеше мәрте айтқан едік. Алайда біздің дабылымызға ешкім құлақ түре қоймады. Нәтижесінде кейбір шаруа қожалықтары өнімсіз қалып, шығынға батты. Биыл осындай келеңсіз жағдайларды алдын алуымыз қажет». – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов. 
Басшының айтуы бойынша, қазір Қырғызстандағы Тоқтығұл су қоймасында жиналған судың мөлшері өте төмен. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,9 млрд текшекубқа аз. Оның үстіне Шардара мен Көксарайда да қажетті су мөлшері жиналмай отыр. Бұл мәселенің қашан шешіліп, жағдайдың түзелетіндігі әзірге белгісіз. 
«Қарап отырсақ, өзендегі су тапшылығы әр жеті жыл сайын қайталанып отыр. 2014 жылы өзекті мәселе бұдан да күрделі болған. Бұл – табиғи құбылыс. Дегенмен өзеннің суын мақсатты жұмсап, үнемдеу қажет. Біздің есебіміз бойыншы биылғы маусымда өңірімізге 5,3 млрд текшеметр көлемінде су қажет. Оның 4,2 млрд егістік алқаптарын суаруға кетсе, 1,2 млрд текшеметрі экологиялық қажеттіліктерге жұмсалады», – дейді Сейілбек Нұрымбетов. 
Қазір Қызылордада шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр. Ауыл шаруашылығының мамандары әртараптандыру әдісін пайдалану арқылы су тапшылығымен күресуге болатынын айтады.  
kyzylorda-news.kz

22 наурыз 2021 ж. 528 0