Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығын әртараптандыру жөнінде мәжіліс өтті

Қызылордада су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығын әртараптандыру жөнінде мәжіліс өтті

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығын әртараптандыру жөнінде мәжіліс өтті. Жиынға мемлекеттің орган, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, шаруашылық басшылары мен онлайн режимде «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ басқарма төрағасының м.а. Айбын Төреханов, қала және аудан әкімдері қатысты.
«Қызылорда облысының басты ерекшелігі – бұл инженерлік жүйеге келтірілген егіс алқаптары, алтын қоры деп айтсақ та болады. Бүгінгі күні облысымызда 236 мың га суармалы жер болса, оның 178 мың га инженерлік жүйеге келтірілген. Жылда 180 мың гектардың үстінде ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Мемлекеттік қолдаулардың арқасында облыстың ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң нәтижелер қалыптасты. Ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 128,5 млрд. теңгеге жетті. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция 10,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,9 есеге, тамақ өнімдеріне салынған инвестиция көлемі 1,2 млрд. тг құрап 1,6 есеге өсті. Дегенмен, соңғы жылдары ауа райының өзгерістері мен су тапшылығы облыста егін шаруашылығын әртараптандыруды қажет етіп отыр. Егіс көлемін әртараптандыру бағытында соңғы бес жылда мал азықтық дақылдар көлемі 4 мың гектарға, ал, күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 7,5 мың гектарға көбейгенімен, әртараптандыру жұмыстары әлі де баяу жүруде. Су тапшылығы жағдайында біз негізгі дақыл күріш егістігінің көлемін белгілі бір деңгейге дейін тұрақтандыруын, оның өнімділігін арттыруды және суды үнемдеуге мүмкіндік беретін басқа дақылдар көлемін ұлғайтуды қарастыруымыз қажет», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Бүгінгі күні жаңбырлатып, тамшылатып суару және аквагельді пайдалана отырып ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге ерекше назар аударылуда. Осы бағытта Жаңақорған ауданда «Orbis Agro» компаниясы 3 мың га жерге тамшылатып суару арқылы қызанақ, Шиелі ауданында «Тың Өріс» компаниясы 10 мың га жерге жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа, Қазалы ауданында «РЗА-Агро» серіктестігі 87 гектарға жаңбырлатып суарумен жүгері егу жобалары қолға алынған.
Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап тәлімді жерлер игерілуде. Келесі жылы аталған жұмыстарды атқаруға Жаңақорған ауданында аквагельді қолдану арқылы 500 га мақсары дақылы мен 200 га жаздық бидай егіледі деп жоспарлануда.
Мәжілісте сала ғалымдары әртараптандыру кезінде суармалы суды үнемдеудің жаңа технологияларын енгізу, суармалы жерлерінің деградациясы және оларды төмендету жолдары, күріш ауыспалы егісін әртараптандыру және күріш алқаптары мен егістігінің жағдайына ғарыштық мониторинг жүргізу мәселелерін сөз етті.
2021 жылы егілетін дақылдардың егіс көлемінің сызбасы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктерімен және тиісті мекемелерімен келісіліп, бөлінетін су көлемі лимиті шегінде жасалынды. Сызбаға сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарын 187,3 мың гектарға орналастыру межеленсе, оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 85,7 мың гектарды құрап отыр.
Жиын соңында аймақ басшысы су тапшылығы жағдайында әртараптандыруды жүзеге асыру үшін егіншілік мәдениетіне ғылымның озық жетістіктерін енгізуді және егіншілік саласын пайдалы кәсіпке айналдыру қажет екенін атап өтті.
kyzylorda-news.kz​​​
10 желтоқсан 2020 ж. 484 0