Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытай трансшекаралық туризмді дамытуға ниетті

Қытай трансшекаралық туризмді дамытуға ниетті

ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі туристерді тарту үшін Қытайдың шекаралас аймақтарына шетелдіктердің келуін жеңілдетуге бағытталған жоба жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Трансшекаралық туризм туралы» жобаның түсіндірмесінде Қытайдың шекаралас аудандарына туристік агенттіктер ұйымдастырған туристік топтардың кіру және шығу пункттерін «ыңғайлы» таңдай алатыны айтылған.

Сонымен қатар, бұл жоба Қытай мен көршілес елдер арасында өзара туристік сапарларды жүзеге асыру үшін трансшекаралық туризм саласында тиісті келісімдерге қол қоюды көздейді.

Жобада ҚХР үкіметі Қытайдың шекаралас аймақтарын көршілес елдердің шекаралас аймақтарымен трансшекаралық туризмді дамыту және шекаралық аймақта туристік бағыттарды құру үшін ынтымақтастықты нығайтуға шақыратыны атап өтілген.

ҚХР Сыртқы істер министрлігі Еуропа және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Лю Цзянпиннің айтуынша, Қазақстан мен Қытай достас көршілес елдер, ал шекаралық ынтымақтастықтың болашағы зор.

Жобаны ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі, Бас кеден басқармасымен және Көші-қон қызметімен бірлесіп дайындады.

Қазақстан Республикасы ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен (ШҰАА) шектеседі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биылғы 1-21 шілде аралығында ғана ШҰАА-ға 25 миллион турист келген (2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,7%-ға өсті).
22 қыркүйек 2022 ж. 491 0