Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бельгия мен Нидерландта коронавирус қайта өршіді

Бельгия мен Нидерландта коронавирус қайта өршіді

Бельгия мен Нидерландта коронавирус жұқтыру жағдайларының саны артып келеді. Жергілікті сарапшылар COVID-19 вирусының «күзгі толқыны» туралы ескертіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нидерландтың RIVM денсаулық институты соңғы аптада елде оң сынама, ауруханаға жатқызу және инфекцияның негізгі деңгейінің жоғарылағанын атап өтті.

Осылайша, Нидерландыда өткен аптада COVID-19 вирусын жұқтырудың 12 269 жағдайы тіркелді. Бұл – биылғы 13 тамыздан бергі ең жоғары және өткен аптамен салыстырғанда 39% жоғары көрсеткіш.

Көршілес Бельгияда да коронавирус пандемиясы қайтадан қарқын алған. Өткен аптада алдыңғы жеті күнмен салыстырғанда жұқтырудың жаңа жағдайлары 21%-ға көбейген.

Репродуктивті көрсеткіш 1,23-ке дейін көтерілді, бұл да өткен аптамен салыстырғанда үштен бір есе көп.

17 мен 23 қыркүйек аралығында күн сайын 2 232 адамның вирусқа шалдыққаны анықталды.

Соңғы жеті күнде Бельгия ауруханаларына коронавирус диагнозы қойылған 73 науқас түскен, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 41% көп.

Қазір ел ауруханаларында коронавирустан 925 адам ем алуда. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 35%-ға көп.

«Қазіргі кезеңде ауру жұқтыру санының күрт өсуіне жол бермеу үшін вакцинация мен тестілеу өте маңызды», - деп атап өтті RIVM институтының сарапшылары.

«Цифрлар вирус жұқтырғандардың нақты санын көрсетпейді, өйткені қазіргі уақытта тестілеу орталықтарында тек медицина қызметкерлері, өзін-өзі тексере алмайтын адамдар және коронавирус анықтамасын қажет ететін адамдар ғана тексерілуде. Ауруханаға жатқызу саны да артып келеді», - деп қосты сарапшылар.
29 қыркүйек 2022 ж. 429 0