Солтүстік Корея тағы да зымырандар ұшырды

Соңғы күндері Солтүстік Кореяның зымыран ұшыруынан кейін аймақтағы жағдай ушығып кетті. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында АҚШ-тың тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд Пхеньянға қатысты санкция режимін күшейтуге шақырды.
«Біз БҰҰ-ға мүше барлық мемлекетті, әсіресе Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерін ақылға сыймайтын осы әрекетті айыптауға қосылуға және КХДР-ды өзінің заңсыз қару-жарақ бағдарламаларынан толық, тексерілетін және қайтымсыз түрде бас тартуға, сондай-ақ ядролық қарусыздандыру бағытында дипломатияны қолдануға шақырамыз», - деді БҰҰ жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд.
Соған қарамастан Қауіпсіздік кеңесінің отырысы нәтижесіз аяқталды. Ресей мен Қытай АҚШ-тың мәлімдемесіне жауап ретінде Вашингтонды аймақтағы текетіресті күшейтпей, керісінше бітімгершілік жолына түсуге шақырды.
Бұған дейін хабарланғандай, соңғы 5 жыл ішінде алғаш рет 4 қазан күні Солтүстік Корея Жапония аумағы үстінен баллистикалық зымыран ұшырды. Жапония билігі солтүстік-шығыс аймақтардың тұрғындарын уақытша эвакуациялауға және пойыздардың жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
«КХДР-дің баллистикалық зымырандарын ұшыруы аймақтағы тұрақсыздықтың өсуіне әкелуі мүмкін», - деп атап өтті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында БҰҰ Бас хатшысының Таяу Шығыс, Азия және Тынық мұхиты бойынша көмекшісі Халед Хиари.