Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қ.Қасымовтың төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы Сарапшылық кеңесінің отырысы өтті

Қ.Қасымовтың төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы Сарапшылық кеңесінің отырысы өтті

Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы Сарапшылық кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Аталған шараға салалық ұлттық ғылыми-зерттеу институттардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары, сондай-ақ құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Қ.Қасымов ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісін ақпараттық-талдау және ғылыми-әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеудің, қауіпті қатерлер мен сын-тегеуріндерді терең сараптаудың маңыздылығын айтты. Жиын барысында су шаруашылығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы су ресурстарының азаюы және оның сапасының нашарлауы халықтың тұрмысына және экономиканың тұрақты дамуына кері әсер етеді. Сарапшылар аса қауіпті қатерлерді, соның ішінде судың тиімсіз пайдаланылуын, жекелеген гидротехникалық құрылыстардың апаттық жағдайларын, су қоймалардың ластануын егжей-тегжейлі талқылады. Отырысқа қатысушылар су ресурстарын бақылайтын мемлекеттік басқару жүйесін және мониторингті, су саласын ғылыми және кадрлық тұрғыдан қамтамасыз ету ісін жетілдіру жөнінде пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Қазақстанның су ресурстары негізінен трансшекаралық өзендердің есебінен жиналатынын ескеріп, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жиында су қауіпсіздігінің қаупін азайтуға бағытталған кешенді тәсілдер қажеттігі атап өтілді. Сарапшылық кеңес жұмысының қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесі мен мемлекеттік органдардың жұмысында пайдаланылатын нақты ұсыныстар пысықталды.
https://24.kz
20 мамыр 2019 ж. 702 0