Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұнай өндіру азаяды

Мұнай өндіру азаяды

OPEC елдері биылғы мұнай өндірісін тағы да қысқартпақ. Осылайша, аталған ұйымға мүше мемлекеттер бір жылда төртінші рет шығарылатын қара алтын көлемін азайтуға келісті. Мұның себебі ретінде ОПЕК елдері экономикалық өсімнің баяулауын, Қытайдағы коронавирустық шектеу шараларының күшеюін және инфляцияның жоғарылауын алға тартып отыр.

Мұнай өңдеуші елдер ұйымының (ОПЕК) келтірген мәліметіне сүйенсек, биыл қара алтынға сұраныс күніне 2,64 миллион баррельге көбеймек. Яғни өсім 2,7 пайызды құрап отыр. Бірақ бұған дейінгі болжамнан 460 мың баррель аз.

«Әлем экономикасы тұрақты инфляцияның жоғары деңгейі, ірі орталық банктердің ақша саясатын қатаңдатуы, көптеген аймақтағы тәуелсіз қарыз деңгейінің жоғарылауы, сондай-ақ жеткізілу тізбегінің бұзылуы салдарынан белгісіздік пен қиындық күшейген кезеңге аяқ басты», делінген ОПЕК есебінде.

Сұраныстың төмендеуі жөніндегі болжам жығылғанға жұдырық болатын секілді. Өткен аптада ОПЕК+ елдері 2020 жылдан бері мұнай өндірісі көлемін айтарлықтай қысқартуға келіскен еді. Америка Құрама Штаттары бұл шешімді сынға алды. Дегенмен сәрсенбіде АҚШ Энергетика министрлігі де 2023 жылы жаһандық өндіріс пен тұтынуға қатысты болжамын жаңартқан-ды.

Ақүй басшысы Джо Байден ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін азайту туралы шешімін айыптап, Сауд Арабиясына сес көрсетті. АҚШ Президенті қара алтын шығаратын елдердің мұндай қадамға баруы­на Ресей ықпал етіп отыр деп есептейді. Осыдан кейін АҚШ Сенатының халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Боб Менендес Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты, соның ішінде қару-жарақ сатуды дереу тоқтатуы керек деп мәлімдеген еді.

Сауд Арабиясы өз кезегінде АҚШ-тың сынын «фактілерге негізделмеген» деп есептейтінін жеткізді. Сондай-ақ Вашингтонның қысқартуды бір айға кейінге қалдыру туралы өтініші теріс экономикалық салдарға ұшырататынын алға тартты.

«ОПЕК+ шешімі консенсус арқылы қабылданды, сұраныс пен ұсыныс теңгерімі ескерілді және нарықтағы құбылмалылықты ауыздықтауға бағытталған», деп хабарлады Сауд Арабиясының сыртқы істер министрлігі.

Әйтсе де биылғы өсім көрсеткіші бұрын­ғыға қарағанда жоғары екенін айта кеткен жөн. Өйткені коронавирус пандемиясына байланысты әлемде қара алтынға сұраныс айтарлықтай азайып кеткен еді. Карантиндік шектеу шаралары алынғанымен, бұрынғыдай деңгей сақталған жоқ.

ОПЕК-тің есептеуінше, келер жылы сұраныстың көлемі тәулігіне 2,34 миллион баррельге дейін азаяды. Бұл бұған дейінгі болжамнан 360 мың баррельге кем. Сөйтіп бір күндегі өндіріс көлемі 102,02 мил­лион баррельді құрайды. Осылайша, OPEC 2023 жылы әлемдегі қара алтынға сұраныс пандемияға дейінгі деңгейді қуып жетеді деп есептейді.

Естеріңізде болса, ОПЕК+ елдері биылғы қараша айынан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 2 млн баррельге азайтуға келісті. 5 қазанда Вена қаласында (Аустрия) ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің министрлік отырысы өткен-ді. Оған еліміздің атынан Энергетика министрі Болат Ақшолақов қатысты.

Отырыс барысында елдердің тамыз айын­­да Келісім міндеттемелерін орындауы тал­қыланды. Келісімді 2023 жылғы 31 жел­тоқсанға дейін ұзарту туралы шешім қа­былдады. 

egemen.kz
14 қазан 2022 ж. 651 0