Ресейде Су-34 ұшағы тұрғын үйге соғылды
Ресейдің Краснодар өлкесінің Ейск қаласында Су-34 жойғыш ұшағы тұрғын үйге соғылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Су-34 Оңтүстік әскери округінің әскери аэродромынан оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау үшін әуеге көтерілген.
Ведомство таратқан ақпаратта ұшақтың қозғалтқышы істен шыққаны жайлы айтылған. Төтенше жағдай салдарынан ғимарат өртке оранған.
«Ұшақ апаты салдарынан тоғыз қабатты үй отқа оранды. Өрт бірден бірнеше қабатты шарпыған. 17 пәтер зақымданды», деді Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев.
Ейскіде төтенше жағдай салдарынан 19 адам зардап шекті, үш адам қаза тапты. Бұл туралы дерек Краснодардағы жедел штабтың Telegram-каналында жарияланған.