Оңтүстік Кореяда ұлттық аза тұту күні жарияланды
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль Сеулдегі Итэвон ауданында орын алған қайғылы жағдайға байланысты ұлттық аза тұту күнін жариялады. Президент зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, болашақта мұндай жағдайдың алдын алу үшін оқиғаның себептерін тергеуге уәде берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шұғыл қызметтердің хабарлауынша, Оңтүстік Корея астанасында COVID-19 пандемиясынан кейін алғаш рет шектеусіз атап өтілген хэллоуин күнінде 151 адам қаза тауып, тағы 82 адам зардап шекті.
Оқиға Сеулдің Итэвон ауданында болды, онда көптеген түнгі клубтар, мейрамханалар мен кафелер орналасқан. Ковидтік шектеулер жойылғаннан кейін ауданда бірінші рет маскасыз жаппай мереке өтті.
«Қаза тапқандардың көпшілігі кәмелетке толмағандар мен 20 жас шамасындағы жастар», деп хабарлады өрт сөндіру бөлімінің өкілі.
Ол қаза тапқандардың арасында екі шетел азаматы бар, тағы 15 шетелдік жарақат алған. Көпшілік жиналған жерде адамдар денсаулық жағдайларына шағымдана бастаған. 50-ден астам адам жүрек проблемаларына байланысты есінен танып қалған. Өрт сөндірушілердің айтуынша, халық жаппай жиналған орындарда адамдар бір-бірін таптап өткен.
Хэллоуин Оңтүстік Кореяда үлкен мереке саналмайды, дегенмен Итэвон - халықаралық мәдени атмосферасы бар аймақ - бұл мерекені тойлайтын адамдар жиналатын орынға айналған.
Оқиға кезінде ауданда 100 мыңға дейін адам болған - негізінен жастар, кейбіреулері костюм киген.
РИА Новости жазғандай, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль барлық зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
«Мен қаза тапқан адамдар үшін дұға етемін және зардап шеккендер тез сауығып кетеді деп үміттенемін. Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамын, елде ұлттық аза тұту күнін жариялаймын. Бұл жағдайды шешу үшін және болашақта қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылданады», деді Юн Сок Ёль.