Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырғызстанда Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылды

Қырғызстанда Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылды

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ош мемлекеттік университетінің негізінде филиалын ашты, деп хабарлайды Egemen.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда ЕҰУ мамандардың сапалы даярлығын қамтамасыз етіп, халықаралық ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты белсенді дамытады. Ұлттық университет 2024 жылдың соңына дейін шетелде тағы бір филиал ашуды жоспарлап отыр.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы Ош қаласында құрылды. Оның ресми ашылу рәсіміне ЕҰУ-нің ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева, Ош мемлекеттік университетінің ректоры Құдайберді Қожобеков, Қазақстан Республикасының Ош қаласындағы консулы Мұхтар Кәрібай, оқытушылар мен студенттер қатысты.

«ЕҰУ филиалының ашылуы біздің елдер арасындағы достық пен тату көршіліктің, білім және ғылыммен қатар барлық салада ынтымақтастықты арттыруға өзара ұмтылыстың арқасында мүмкін болып отыр. Кадрларды жоғары сапада даярлау, нәтижелі ғылым, бәсекеге қабілетті патриот жастар бауырлас халықтарымыздың, жалпы өңірдің болашағы үшін университеттердің елеулі үлесі болмақ. Филиал Қазақстан мен Қырғызстанның ең дарынды студенттері мен ғалымдарын тартады деп үміттенемін. Бұл бағытта ЕҰУ халықаралық білім беру нарығында өзінің бәсекеге қабілеттілігін тұрақты түрде арттырып келеді. Біздің университет QS World University Ranking рейтингінде әлемнің үздік 300 жоғары оқу орындарының қатарына кіріп, 277 орынды иеленді. Жақында ЕҰУ зерттеу университеті мәртебесі берілді. Бұл өз кезегінде ғылыми-академиялық коллаборация мүмкіндіктерін кеңейтеді», деп атап өтті ЕҰУ проректоры Жанна Құрманғалиева.

Бүгінде ЕҰУ филиалында 30-ға жуық студент білім алуда. Олар ағашқы екі курсты Ош қаласында, кейінгі екі жылда Қазақстанда таңдаған кәсіптерін меңгереді. Оқу бағдарламасы аясында қырғыз жастары қазақ тілін меңгеруде. Келесі жылы «Қазақстан тарихы» пәнін енгізу жоспарда бар. Филиалда жоғары кәсіби білім берудің екі бағыты бойынша мамандарды даярлау жүргізіледі: «аударма ісі» және «орыс тілі мен әдебиеті».

Алдағы уақытта жаратылыстану ғылымы, физика және IT бағытында білім беру бағдарламаларының санын көбейту жоспарлануда.

«Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы бауырлас халықтар арасындағы достықтың тағы бір көпіріне айналады, Қазақстан мен Қырғызстанның білім беру жүйелерінің интеграциясына ықпал етеді. Сонымен бірге бұл біздің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтереді», деп атап өтті Ош мемлекеттік университетінің ректоры Құдайберди Қожобеков.

ЕҰУ ғылыми-білім беру жобалар, академиялық ұтқырлық бағдарламалар, бірлескен білім беру бағдарламалары, шетелдік мамандарды тарту бойынша қырғыз әріптестерімен бірлесе белсенді жұмыс жүргізеді.

Биылғы оқу жылында университеттің «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қырғызстаннан 46 студент білім алуда.

Айта кету керек, бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әлем бойынша 12 орталығы мен өкілдігі бар. Сондай-ақ ұлттық университет 450-ден астам жетекші шетелдік университеттермен халықаралық ынтымақтастық орнатқан.
06 желтоқсан 2022 ж. 604 0