Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Перудің жаңа президенті көктемде қайтадан сайлау өткізуді ұсынды

Перудің жаңа президенті көктемде қайтадан сайлау өткізуді ұсынды

Перудің жаңа президенті Дина Болуарте 2024 жылдың сәуірінде елде жалпы сайлау өткізуді ұсынды және тиісті заң жобасын республика конгресіне жіберетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Сонымен қатар президент жаппай наразылық акциясы өтіп жатқан аймақтарда төтенше жағдай енгізді.

«Мен жалпы сайлауды 2024 жылдың сәуіріне ауыстыру туралы конгреспен келісімге келу бойынша бастама көтерейін деп шештім. Әлеуметтік қақтығыстар деңгейі жоғары аудандарда төтенше жағдай енгізілгенін жариялаймын. Сондай-ақ халықтың негізгі құқықтарын шектемей, ішкі тәртіпті бейбіт жолмен қалпына келтіру үшін шаралар қабылданды», - деді Болуарте халыққа жолдаған телеүндеуінде.

Андахуайлас – ең үлкен наразылық болып жатқан аудандардың бірі. Мұнда 15 және 18 жастағы екі адам қайтыс болғаны хабарланды.

Перудің байырғы халықтары ауылдық кәсіподақтар мен ұйымдар сейсенбіде тұтқындалған Президент Педро Кастильоны қолдау үшін «мерзімсіз ереуіл» бастауға шақыруда.

«Біз коммунист емеспіз. Экономикалық тұрғыдан артта қалмас үшін сыбайлас жемқорлықсыз елде өмір сүргіміз келеді. Біз отаршылдықтың қысымында қалғымыз келмейді», - дейді наразылық білдірушілердің бірі.

«Біріншіден, біз Президент Педро Кастильоны босатуды талап етеміз, екіншіден, бұл шіріген жемқор конгресс таратылуы керек. Біз құрылтай жиналысын шақыруды талап етеміз. Үшіншіден, Перуде төтенше жағдай жариялануы керек», - деп наразылық акциясына келген Перу тұрғыны өз талаптарын қойды.

Қақтығыстар конгресстің өзінде ел астанасы Лимада да болды.

Бұрынғы мемлекет басшысы Педро Кастильоның құқықтық жағдайын талқылаған пленарлық отырыс экс-президенттің жақтастары мен қарсыластары арасындағы төбелеске байланысты тоқтатылды.

Перудегі саяси дағдарыс өткен аптаның ортасында басталды.

Бұрынғы мемлекет басшысы Педро Кастильо импичмент бойынша дауыс беруге жол бермес үшін конгресстің таратылғанын және шұғыл үкімет құрылғанын жариялаған.

Бұл төңкеріс әрекеті ретінде қабылданып, Кастильо қызметінен босатылды және қамауға алынған еді.

Вице-президент Дина Болуарте парламентте ант беріп, Перудің алғашқы әйел президенті болды.
14 желтоқсан 2022 ж. 477 0