Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайлауға дайындық сараланды

Сайлауға дайындық сараланды

Жақында  Арал аудандық мәдениет үйінде «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдары, кенттері, ауылдық округтері әкімдерін сайлау: сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру туралы» оқыту-семинары өтті.        Семинар жұмысына облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Б.Накипов, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қ.Наурызбаев, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Қызылорда облысы бойынша филиалының доценті А.Аяғанова, аға әдіскері А.Тұрабаева және аудандық сайлау комиссиясы мүшелері мен 55 учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, хатшылары қатысты.
        Семинарды аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Т.Дәрменов сөз сөйлеп ашты. Аталған семинар барысында «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі аспектілері» туралы облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Б.Накипов және «Ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау барысында сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық және құжаттамалық қамтамасыз ету туралы» облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қ.Наурызбаев баяндама жасады.
        Сондай-ақ семинарда ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалының өкілдері  ұйымдастырған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау күніне бағытталған  «іскерлік ойыны» өткізілді.
        Оқыту-семинарға қатысушылар сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері, сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық қамтамасыз ету, сенімді адамдар мен байқаушылардың міндеттері мен құқықтары, мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және пандемия жағдайында ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлауды өткізу мәселесін талқылап, пікір алмасты.
       Семинарға қатысқан учаскелік сайлау комиссиясы төрағалары  мен хатшылары сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөнінде тестілеуден өтіп, оларға арнайы сертификат табысталды.
(Өз тілшімізден)
27 маусым 2021 ж. 637 0