Суданды 30 жыл басқарған президент биліктен кетті

Министрдің айтуынша, Башир қамауға алынған. Әскерилер елде үш ай төтенше жағдай жариялады. Елдегі барлық әуежай 24 сағатқа жабылды. Ахмед Авад ибн Ауфтың мәлімдеуінше, Башир қол қойған 2005 жылғы Конституция күшін жояды.
Судан астанасы Хартумда мыңдаған адамның қорғаныс министрлігі ғимараты маңында жиналып тұрғанына осымен алтыншы күн болды. Куәгерлер әскерилердің қаладағы ең маңызды нысандарды қоршағанын, оның арасында президент сарайы да бар екенін айтады.
Елді 30 жыл басқарған президент Омар әл-Башир режиміне қарсы наразылық шаралары өткен жылдың желтоқсан айында басталған. Әуел баста наразы тұрғындар азық-түлік бағасын арзандатуды талап еткен. Кейінірек наразылық акциясы саяси сипат алды. Өткен сенбі, 6 сәуірде наразы азаматтар президент отставкасын талап етіп, әскерилерді өздерін қолдауға шақырды.

Baj News агенттігіне сілтеме жасаған халықаралық БАҚ елдің қорғаныс министрі жетекшілік ететін Суданның әскери кеңесі билікті қолына алуға дайындалып жатқанын хабарлаған.

2019 жылы қаңтар айында The Times басылымы Хартумдағы наразылықты басуға ресейлік жалдамалылар қатысуы мүмкін екенін жазған. Кейінірек Ресейдің сыртқы істер министрлігі Суданда ресейлік жалдамалылардың бар екенін растаған.
Оппозиция мен құқық қорғаушылар төрт айдан беріп болып жатқан билікке қарсы наразылық кезінде 60 адамның қаза тапқанын, бірнеше мың адамның ұсталғанын хабарлады.