Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемнің кереметі: «Мадам Тюссо» мұражайы

Әлемнің кереметі: «Мадам Тюссо» мұражайы

«Өткенді айтпай, болашақ жоқ» демекші, өткен мен өшкенді жаңғырту біздің міндетіміз. Әр халықтың тарихын, оның даму жолы мен мәдениетін ұрпаққа таныстыру мақсатында қазіргі таңда түрлі амалдар бар. Солардың бірі – мұражай.Мұражай – тарихи-ғылыми деректерді, өнер туындыларын немесе мәдени құндылықтарды сақтауға арналған арнайы ғимарат. Үлкен мұражайларға ондағы мәдениетпен танысу мақсатында халық өз еркімен келе алады. Тіпті, кей кездері арнайы танымдық көрмелер мен дәрістер өткізіледі. Сол мұражайлар қатарында өз ерекшелігімен әлемді таң қалдыратындары аз емес. Соның бірі де бірегейі – Мадам Тюссо мұражайы. Мадам Тюссо мұражайы – Лондон қаласының Марилебон ықшам ауданында орналасқан, балауыздан жасалған мүсіндер көрмесі. Негізін 1835 жылы мүсінші Анна Мария Тюссо салған. Өзі Германияда дүниеге келген ол балалық шағында Англияға көшеді. Көшіп келген соң анасы дәрігер Филип Кертистің үйіне қызметшілік жұмысқа тұрады. Филип Кертис балауыз шамдардан адамдардың бет-пішімін жасаумен айналысатын. Ол Марияның ең алғашқы ұстазы болды.
1770 жылы Филиптің алғашқы мүсін көрмесі үлкен танымалдылыққа ие болды. 1776 жылы Париждің Пале-Рояль алаңында болған көрме оның атағын әлемге танытқан болатын. 1782 жылы Филип өз көрмесінде алғашқы «Қорқыныш бөлмесін» ұйымдастырды.
1777 жылы Мария өзінің алғашқы жұмысын – Вольтердің мүсінін жасап шығарды. Кейінгі кезекті жұмыстары Жан-Жак Руссо мен Бенджамин Франклин болды. Оның мүсіншілік қабілеті жақсы болғаны сонша, 18 жасынан бастап ханшайым Елизавета екіншіні мүсіншілік өнеріне үйрете бастаған.
1794 жылы Филип Кертер өмірден озған соң, оның барлық коллекциясы Марияға аманатталады. Арада 8 жыл салып Мария Лондонға көшеді. Ағылшын – француз соғысы кесірінен Мария туған еліне қатынай алмайды. Сондықтан Ұлы Британия мен Ирландия елдерінде қалады. Осылайша күтпеген уақытта, отбасының үгіттеуімен 1935 жылы Лондондағы Бейкер көшесінде алғашқы тұрақты мұражайын ашады.
Сәттілік өзін көп күттірген жоқ. Көп ұзамай-ақ халық балауыз мүсіндерді көруге кезекке тұрды. Кейіннен ашылған «Қорқыныш бөлмесі» ерекше атақты болды. Себебі онда Париж қақтығысы салдарынан және Француз революциясынан ажал құшқан жандардың, атақты қылмыскерлер мен киллерлердің дәлме-дәл көшірмесі бар еді. Кейіннен бөлмеге адмирал Нильсон, Вальтер Скотт секілді әскери адамдардың мүсіндері қосылды.
1884 жылы мұражай Мэрилебон-роуд ықшам ауданына көшірілді. Дегенмен, 1924 жылы мұражайда өрт болып, көптеген мүсіндерді ерітіп жіберді. Оларды қайта қалпына келтіру үшін әрбіріне 4 ай уақыттан қажет еткен болатын.
Қазіргі таңда Мадам Тюссо өмірден өткенімен, оның балалары ісін жалғастыруда. Онда 20 адамнан тұратын арнайы мүсіншілер тобы жұмыс жасайды. Өз шығармашылығында олар арнайылап табиғи адам шаштарын және өзге балауыз түрін қолданады. Ал адам терісінің түсін келтіру үшін бірнеше қабат бояу жағылады.
Мұражайдың бөлімшелері Амстердам, Нью-Йорк, Шанхай және тағы да басқа әлемнің үлкен қалаларында ашылған. Бірақ ең үлкен мұражайы Англияның көрнекті жері ретінде Лондон қаласында орналасып қалмақ.
Музейдің әлем жаңалықтарымен тығыздығы сондай, егер жаңа президент немесе голливудтық жұлдыз пайда болса, жақын арада ол жанның мүсінін көре аласыз. Бүгіннің өзінде 1000-нан аса әртістердің, саясаткерлердің, музыканттар мен ғалымдардың мүсінін көруге болады. Ең қызығы, музейдегі көп мүсіннің ішінде елеусіз ғана қыр мұрынды, шағын денелі, қара жамылған қарт кісіні көруге болады. Ол осындай ерекше эмоция сыйлайтын, керемет музейдің бастауы болған – мадам Анна Мария Тюссо.
ӘЛНИЯЗИНА
18 сәуір 2023 ж. 364 0