Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мектеп мұражайы – ауыл айнасы

Мектеп мұражайы – ауыл айнасы

Көкірегі ояу, көзі ашық зиялы адам қай жерге барса да, сондағы музейге ат басын бұрғысы келіп тұрады. Өйткені мұражайлар – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, сондай-ақ жергілікті жердің тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігін көрсететін мұраларды сақтап, жинақтап, саралап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын орын. Мұражайлардың заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде, тарихи сананы қалыптастыруда маңызы зор.
Қазір Қазақстанда 160-қа жуық мұражай бар екен. Бұның ішінде тарихи, өнертану, техникалық, әдебиеттану, мемориалды, кешенді сияқты музей түрлері бар. Ал айдынды Аралымыз да музей жағынан кенде емес. Тарихи-өлкетану, «Балықшылар» музейі, Ә.Нұрпейісовтің әдебиет үйі, мемлекет қайраткері Қ.Саржановтың музей-үйі туған жерімізге келген қонақтардың бас сұқпай кетпейтін орындарына айналып отыр. Жағалау жұртшылығының өткені мен бүгінін, Арал теңізінің тарихын, ата қонысымыздың көне заманнан бүгінге дейінгі өсіп-өркендеу жолдарын, тұлғалы азаматтарын осы мұражайлардың бай экспонаттары көз алдымызға әкеледі.
Халқымыз өз ұрпағын тәрбиелеуде бұрындары да ата-бабасынан мұра боп қалған жәдігерлерді естелік ретінде сақтап отырған. Әр шаңырақтан да өздері кие тұтатын ескі заттарды кездестіруге болады. Яғни жұртымыз ертеден-ақ өз үйінің ең қастерлі төрін қазіргі тілмен айтқанда шағын отбасылық музей ретінде пайдаланады десек болады.
Бүгін біз осы тақырыпты қозғағанда, бір игілікті, дәстүрлі жұмыс-мектеп музейлері туралы азды-көпті сөз етсек дейміз. Өйткені бір байқағанымыз, тарихы бай, кәсібі сан алуан болып келетін ауылдарымыздың тарихын, әлеуметтік-экономикалық дамуын, еңбек дәстүрін, ауыл ардақтыларын осы мектеп музейлерінен көруге болады. Иә, бұл музейлер тек білім ордаларының өткен күнін түгендеумен шектелмейді. Экспонаттар, құнды жәдігерлер, атамекеннің шежіресі, халықтың өнер саңлақтары ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқарады. Олардың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімін қалыптастырады. Шындығында мектеп мұражайлары – сол ауылдың тарихи айнасы. Және де зерделі оқушылардың, ізденімпаз ұстаздардың ғылыми жобалар үшін тақырып таңдауының ғылыми-әдістемелік орталығы ретіндегі қызметі айтарлықтай.
Міне, осындай ойлар жақында біз Бөген ауылындағы №20 З.Шүкіров атындағы білім ұясының кең де жарық бөлмесіне орналасқан мектеп музейін көргенде келді. Музей ішіндегі түрлі жәдігерлерге, деректерге мұқият назар аударып, қызыға қарап шықтық. Мұнда іргелі ауылдың белгілі білім ордасының ғасырға жуық тарихынан айшықты естеліктер жетерлік екен. Сондай-ақ Бөген ауылының бүкіл тарихы нақты деректер арқылы жазылып қойылған. Теңіз жағасындағы елді мекеннің әкімдігі (бұрынғы кеңестер), балық өндірісіне қатысты мекемелер мен оларды басқарған тұлғалар туралы деректер мол. Әр жылдардағы еңбек озаттарының, шаруашылық басшыларының суреттері ілінген. Балық колхоздары, теңіз тіршілігіне қатысты құрал-жабдықтар да іріктеліп қойылған. Көне заттар көп сыр шертіп тұрғандай. Аталмыш мектепте шәкірттерге білім нәрін сепкен ұлағатты ұстаздардың өмірі де өрнектелген.
Мектептегі музейдің бір қабырғасы толайым қазақ халқының белгілі ақыны, арынды жазушысы, «Құрыш қазақ» атанған ерекше жан Зейнолла Шүкіровке, көркем шығармаларына, оның әдебиеттегі ізбасарларына арналған. Қабырғалы қаламгердің ғажайып кітаптары, өнегелі сөздері әлі талай жастарды, талапты шәкірттерді әдебиетке жетелейтініне сенесің. Мектеп жанынан ашылған осынау музей жай ғана ерекше оқу бөлмесі емес, ол – осында біліммен сусындап жатқан оқушылардың өз өлкесінің мәдениеті мен рухани байлығын сақтауға жауапкершілікті ұғындыратын ашық білім беру кеңістігі болып отырғаны шындық. Және де осынау ұлағатты жұмысты ізденімпаз ұстаздардың бірнеше буынының ынта-жігері, тынымсыз құлшынысы жатыр екен.
Осындайда қазақтың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбайдың: «Тарихи мұраға қамқорлық жасау –тек өткенге ізет емес, ол, ең алдымен, болашақтың қамын ойлау. Сондықтан да мұраларымызға ұқыптылық, бүгінгі эстетикалық, этикалық, интернационалдық, патриоттық тәрбиелеудің тіні ажырамас, құрамдас бөлігіне айналуы керек» деген сөзі дәл бір осы керемет мектеп музейлеріне арнап айтылғандай әсер қалдырады.
Таяуда Арал ауданындағы тағы бір үлгілі мектеп музейінің жаңаша жасақталып жатқаны туралы хабарға марқайып қалғанбыз. Құтты қойнау атанған Қарақұм төсіндегі Абай ауылының №59 мектебіндегі музей көрген жанды баурап алатындай екен. Киелі Қарақұмның бай тарихы, есімі елге белгілі ерлері, кезінде мыңғыртып мал өсірген кеңшардың даңқты малшылары, ауыл ағалары туралы мағлұматтарды жинақтаған ерекше музейдің ашылуына мұрындық болған талантты суретші Абай Әбішев пен мектеп директоры, халық қалаулысы Шәрбану Жанкүшікованың өткен жылдар суреттерін жандандыру жолындағы азаматтық, перзенттік белсенділіктерін атап айтқан жөн. Бұл музейден өткен және осы ғасырдың уақыт кезеңдері ақпарат беріп тұр. Туған жердің шынайы жанашырларының жаңашыл қадамдары қияндағы ауылға осындай бір мәдени-рухани орталық сыйлаған. №59 мектеп музейі экспонаттық құндылықтары жағынан салалық қай-қай музеймен де теңдесе алатындай.
Жалпы, мектеп музейлерін ашу – өңірімізде көптен бері келе жатқан жақсы үрдіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар тындырылуда және де мектеп музейлері жергілікті өлкетанушылармен қоян-қолтық әрекет етуде.
Жақсы бастамаларға сүйсіне отырып, түйіндеп айтсақ, өңіріміздегі әрбір мектепте үлкенді-кішілі мектеп мұражайлары осылайша жолға қойылса, болашақ ұрпағымыздың, жас өрендеріміздің өз туған жерлерінің нағыз жанашырлары, Отанымыздың ел сүйер перзенттері, тұлғалы азаматтары болуына жол ашып тұрары айқын.
Е. Зейнетұлы
16 тамыз 2022 ж. 1 879 0