Tesla компаниясы Model S және Model X автокөліктерінің бағасын көтерді
Америкалық Tesla компаниясы АҚШ-та Model S және Model X автокөліктеріне бағаны $2,5 мыңға көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, осы жылдың басында компания өнімі бағасының төмендеуі автоөндіруші акциясы құны мен табысына ықпал еткен.
Агенттік мәліметінше, Tesla седаны мен жол талғамайтын көлігі 2-3%-ға қымбаттаған.
S және X моделінің бағасы қазір сәйкесінше 87,490 және 97,490 доллардан басталады, дейді Bloomberg.
Агенттіктің ақпараты бойынша, баға өсуіне қарамастан, автомобильдердің бағасы бірінші тоқсанның соңындағы бағамен салыстырғанда төмен болған.
Tesla корпорациясын Илон Маск 2003 жылы құрған. Жұма күні Масктың дәулеті тәулігіне 12,6 миллиард долларға төмендегені белгілі болды.
Bloomberg Billionaires индексіне сәйкес, бизнесменнің шығындары 2023 жылдың басынан бері рекордтық көрсеткішке жетті.
Миллиардер байлығының айтарлықтай төмендеуіне Tesla акцияларының 9,75% арзандағаны да әсер еткен.