Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Испанияда қуаңшылық белең алды

Испанияда қуаңшылық белең алды

Испанияда құрғақшылық белең алып, ауыл шаруашылығына орасан зиян келіп отыр. Биліктегілер су көлемін ұлғайтып, фермерлерге 800 миллион еуро бөлетін болды, деп хабарлайды Egemen.kz Еuronews-ке сілтеме жасап.

Климаттың өзгеруіне байланысты Испанияда соңғы онжылдықта болмаған құрғақшылық болып жатыр. Елдегі құрғақшылықпен күресті күшейтуге жалпы 2 миллиард еуродан астам қаржы бөлінеді.

Үкіметтің кезектен тыс отырысында табиғи апаттардың салдарын жеңілдету жөніндегі шараларды қамтитын жоспар бекітілді. Құжатта сумен жабдықтаудың жаңа жүйелерін салуға қаражат бөлу көзделген. Сонымен қатар билік қала ішіндегі суды қайта пайдалану көлемін екі есе арттыруға ниетті.

«Су көлемін ұлғайту біздің басты мақсатымыз. Қайта пайдаланатын су көлемін ұлғайтамыз. 2027 жылға қарай оны 10%-дан 20%-ға дейін арттырамыз», деді Испанияның экология министрі Тереза Рибера.

Жоспар муниципалдық және аймақтық сайлауға екі апта қалғанда мақұлданды.

Барселонадан шамамен 100 шақырым жерде орналасқан Сау су қоймасындағы су деңгейі сәуір айында рекордтық деңгейге дейін төмендеді.

Климат дағдарысы құрғақшылықтың әсерін күшейтіп жіберді. Салдарынан шаруа қожалықтары қатты зардап шегіп жатыр. Билік оларға көмек ретінде шамамен 800 миллион еуро бөлуге уәде берді.

azattyq-ruhy.kz
17 мамыр 2023 ж. 469 0