Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Германияда дәріханалар жаппай жабылып жатыр

Германияда дәріханалар жаппай жабылып жатыр

Германияда дәрі жетіспеушілігі мен мамандықтың маңызы жоғалуына байланысты дәріханалар жабылып жатыр. Соңғы 3 айдың өзінде 120-сы жұмысын тоқтатқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еuronews-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Германияның фармацевтикалық қауымдастықтар Федерациясы (ABDA) дабыл қағуда. Тіпті былтыр соңғы 10 жылда болмаған жағдай тіркеліпті. Яғни жыл сайын ашылатын дәріханалар қатары 2800-ге қысқарып кеткен. Федерация өкілі Кристиан Сплетт бұл жағдайды мамандықтың маңызы жоғалумен байланыстырып отыр. Яғни ондағы қызметкерлер жалақысы өте төмен.

“Егер сіз кез келген жас фармацевтен болашақ туралы сұрасаң олар бірден экономикалық тұрғыда жағдайдың нашарлап кеткенін айтады. Себебі билік бұл салаға қаржы салуға құлқы жоқ”, – дейді ол.

Одан бөлек дәріханалардың жаппай жабылуына дәрі-дәрмек тапшылығы да кері әсерін тигізуде. Қазір жұртқа қажет препараттардың 400-ге жуық түрі сатылымда жоқ.

Тіпті 14 маусым күні елдегі мыңға жуық дәріхана осы мәселеге байланысты бір күнге жұмысын тоқтатқан болатын.

Дәріхана қызметкерлері бұл жағдайды түзеу үшін билікке әрбір дәрі-дәрмекке қосылатын үстемақы мөлшерін 8,35 еуродан 12 еуроға көтеруді сұрады. Бірақ денсаулық сақтау министрі Карл Лаутербах бюджетте оған ақша жоқ деген желеумен бұл талапты орындаудан бас тартқан.
22 маусым 2023 ж. 210 0